Рудныйлық кәсіпкер компаниясына қарсы "жасанды" қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 19 там. 2025 14:59

«Огнеупорснаб» ЖШС басшысы Азамат Мұртазин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Бас прокурор Берік Асыловқа бейнеүндеу жазып, өз компаниясына қарсы қылмыстық істің қолдан жасалғанын мәлімдеді. Кәсіпкердің айтуынша, қолында Бас прокуратураның заңсыз қозғалған істі тоқтату жөніндегі тапсырмасы бар, алайда Қостанай облысының прокуратурасы оны елемей отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұртазиннің компаниясы Рудныйда инертті қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.

Кәсіпкердің айтуынша, оның қолында 2025 жылдың 24 мамырында Бас прокуратурадан Қостанай облысы прокурорының бірінші орынбасары Бауыржан Бекбосыновқа жолданған тапсырма бар.

Құжатта экономикалық тергеу департаменті қозғаған қылмыстық істің заңсыз екені төрт бет бойы дәлелденген.

«Бұл істе ешқандай айғақ та, қылмыс құрамы да жоқ. Нақты залал жоқ. Соған қарамастан, 2025 жылдың 29 мамырына дейін қылмыстық істі тоқтатып, лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тапсырма орындалмай қалды», – делінген мәлімдемеде.

Мұртазин сондай-ақ Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Ташимбаевқа және тергеу басшысы Санат Толқымбаевқа жүгінгенін, алайда олардың да қол қойған құжаттары орындалмай қалғанын айтты.

«Шағын және орта кәсіпкер ретінде менің құқықтарым қорғалмай отыр. Бас прокуратураны өз тапсырмасын орындауға және оның талаптарын Қостанай облысындағы қадағалаушы органға жеткізуге шақырамын», – деп атап өтті бизнесмен.

Сөзінің соңында ол мемлекет басшысына да үн қатты:

«Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз бізге кәсіпкерлік еркіндігі мен бизнесті қорғауға кепілдік бердіңіз. Мен сізден осы жағдайға араласуыңызды, бизнесімді және өзімді құқық қорғау органдары арқылы мені бәсекелес ретінде жоюға бағытталған жалған қылмыстық істен қорғауыңызды сұраймын», – деді Азамат Мұртазин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар