Тармақталған бизнес және аффилирленген компаниялар желісі туралы EGOV.PRESS телеграм арнасы ақпарат таратты. Онда “Учёт”компаниялар тобының негізін қалаушы әрі Respublica партиясының тең төрағасы ретінде танымал кәсіпкер Максим Барышев туралы жазылады. Оның ауқымды бизнес-құрылым қалыптастырғаны және контрагенттерді тексеру сервистерінің деректеріне сәйкес мәліметтер жарияланған, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жеке кәсіпкер Максим Барышевтың негізгі бизнесі 2009 жылы тіркелген, “Учёт.kz”
веб-порталымен байланысты. Ол осы күнге дейін 1,14 млрд теңгеден астам салық төлеген, бұл оның ірі айналымы бар кәсіпкер екенін көрсетеді. Сосын The Boss Media Group ЖШС 2007 жылы құрылған. Ол Учёт.kz порталын басқарады және формалды түрде IT-салаға жататын бизнес құрылым. Басшысы әрі құрылтайшысы – Максим Барышевтің өзі. Соңғы жылдары компания салыстырмалы түрде аз салық төлеген және шағын-орта бизнес субъектісі ретінде есепте тұрмайды. KazPowerTrade ЖШС Барышевпен байланысты сауда компаниясы. Атауы басқа болғанымен, ол арқылы да ірі сомалар өтеді, алайда салықтық жүктеме күмәнді түрде төмен, деп жазады телеграм арнасы. “Жоғары берікті кабель құбырлары зауыты” ЖШС Барышев құрылымындағы өндірістік кәсіпорын. Жекелеген жобаларға немесе қаражатты шығару схемаларына пайдаланылуы мүмкін. Ал “Учёт. Бухгалтерия” ЖШС немесе “Учёт” кәсіби бухгалтерлер академиясы бухгалтерлік қызметтерге байланысты құрылымдар. Бұл ұйымдарды да Барышев басқарады. Олар салық және есеп саласындағы консалтингтік қызметтер көрсетеді. Компаниялар тобының жалпы айналымы ондаған миллиард теңгеге бағаланады. Мұны төленген салықтардың жиынтығынан жанама түрде көруге болады. Осы аталған құрылымдардың барлығы соңғы жылдары шамамен 2,3 млрд теңге салық төлеген. Алайда қалыпты салық салу жағдайында бұл сома айтарлықтай жоғары болар еді, бұл салықтық жүктемені талдау арқылы ғана көрінеді, деп топшылайды дереккөзі.
Барышев схемасының негізгі ерекшелігі – бизнесті көптеген заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге бөлшектеу. Бұл құрылымдардың басым бөлігі шағын бизнеске арналған арнайы салық режимін, оңайлатылған жүйені қолдану үшін ойластырылған. Сөйтіп ең төмен салықтарды (мысалы, айналымнан 3%) және қосымша құн салығынан босатуды, сондай-ақ корпоративтік табыс салығының айтарлықтай төмен мөлшерін қарастыруға негізделген.
Редакцияға түскен деректерге сәйкес, жеңілдетілген салық үшін аффилирленген компаниялар мен жеке кәсіпкер арасында өзара есеп айырысулар анықталған. Бұл Барышевтің компаниялары ақшаны жеңілдетілген салық төлеу үшін шағын құрылымды кәсіпкерлік нысандарының шоттарына белсенді түрде аударғанын білдіреді. Нәтижесінде ірі сомалар салық салудан босатылған. Ол бюджетке 20% КТС пен 12% ҚҚС төлеудің орнына, небәрі 3% бірыңғай салық немесе мүлде ештеңе төлемеген, деп жазады ақпарат агенттігі.
Әрбір ЖШС жүйелі түрде табыстың едәуір бөлігін аффилирленген жеке кәсіпкер арқылы шығарып, қағаз жүзінде мардымсыз салықтары бар шағын кәсіпорын болып қалғаны анықталады. Ал жеңілдетілген мөлшерлемелер мен ҚҚС-тың болмауы қолданылатын жеке кәсіпкерлік нысаны осы қаражатты жинаған. Осылайша салықтық жүктеме азайып, бюджетке келтірілген зиян артқан.
Ресми деректер Барышев компанияларының салықтық жүктеме коэффициентінің (СЖК) өте төмен екенін көрсетеді. Барышевтың кәсіпорындарында кейбір жылдары салық түсімдері өте аз болған. KazPowerTrade ЖШС бюджетке келтірілген зиян - 95 млн тг. Бұл – төленбеген КТС пен ҚҚС. Компания табыстың елеулі бөлігін аффилирленген жеке кәсіпкерлік арқылы аударып, толық мөлшерлеменің орнына минимум төлеген. The Boss Media Group ЖШС зияны 67 млн теңге. Ал “Учёт”порталының флагмандық бизнесі бола тұра, бөлшектеу арқылы шағын бизнес мәртебесін пайдаланғаны анықталды, ол жерде табыстың бір бөлігі жеке кәсіпкерлік немесе өзге де байланысы бар заңды тұлғалар арқылы өткен. “Жоғары берікті кабель құбырлары зауыты” ЖШС ондаған миллион теңгеге (аналитиктердің бағалауынша, шамамен 40–50 млн теңге) бюджетті шығынға батырған. Зауыт шикізат пен қызметтерді сатып алып, ҚҚС-ты барынша азайтқан.
Жалпы алғанда қаржылық аналитиктердің бағалауынша, Максим Барышевтің компаниялар тобы бюджетке 250 млн теңгеден астам салық төлемей қалған. Бұл – соңғы жылдардағы сыртқы талдау негізіндегі ғана жасалған есеп, деп жазады Госрейтинг.
Dalanews. kz ашық дереккөзіндегі ақпаратты тексеру үшін Respublica партиясының тең төрағасына сауалхат жолдады. Кәсіпкер соңғы уақытта жаңа салық кодексіне қатысты көп сын айтады. Максим Барышев өзін көпшілік алдында шағын бизнесті қорғаушы әрі салықтық реформаларға қарсы белсенді ретінде көрсетіп жүр.
