Ресейліктер АҚШ Ресейге қауіп төндіріп тұр деп ойлайды

Dalanews 25 мам. 2015 22:43 1299

Украина дағдарысы, Қырымды анекциялап алуы, Украина шығысында сепаратистерді қолдауына байланысты салынған санкциялар нәтижесінде Ресей экономикасы 250 миллиардтан аса қаржысын жоғалтты. Мұнай бағасы түсіп кетті, рубль өз құнын жоғалтты. Санкция зардабынан экономикасы кері кеткен Ресей дағдарысқа АҚШ пен Батысты кінәлі санауда. Бұған халықты  сендіру үшін ақпараттық насихат жұмысына қатты көңіл бөлді. 2014 жылдан бері Ресей насихат құралдары елдегі телеканалдар мен радио, баспасөзде Батысты қаралау, кінәлі етіп шығару тәсіліне көшті. Украина майданынан бергі болып жатқан жаңалықтарды бұрмалап жеткізу мен Путинді орыс ұлтының  қаһарманы етіп көрсету белсенді жүргізілуде. Тіпті, арнайы интернет сайттар ашу, оқиғаларға орай түрлі мақалалар жазу,  әлеуметтік желілерде қоғамдық пікір қалыптастыру үшін Санкт-Петербургте жасырын мекеме құрылып, жұмыстар жүргізуде. Мұндай ақпараттық насихат мекемесінің құрылғандығы былтыр белгілі болған. Тәулігіне 24 сағат тынбай жұмыс істейтін «Ақиқат үйі» деп аталатын мекемені Владимир Путиннің жеке аспазы Евгений Пригожин басшылық ететін компания қаржыландырып келеді. Ресейдің бұл жұмыстарының нәтижесі көріне бастады. Жақында Левада қоғамдық статистикалық орталығы 2007 жылмен салыстырғандағы сауалнама нәтижесін ұсынды.

[caption id="attachment_10717" align="alignright" width="309"]МИНИСТРЛИК Санкт-Петербургтегі жаңадан жұмыс бастаған «Ақиқат министрлігі» мекемесі[/caption]

Соңғы статистикалық зерттеулер нәтижесінде Ресейліктердің жартысынан көбі елдерінің дағдарысқа ұшырауына АҚШ пен Батысты кінәлі деп санайтынын көрсетті. Бұдан бұрынғы статистикалық нәтижеге қарағанда бұл жолы анағұрлым артқан. Ресей азаматтарының 59 пайызы АҚШ-ты Ресейге қауіп төндіруде деп санайды. Бұлардың ішінде 19 пайызы нақты және сенімді түрде  айтады. 2007 жылы халықтың 47 пайызы АҚШ-ты Ресейге қауіпті деп айтқан. Орыстардың 48 пайызы экономикалық санкцияларға АҚШ пен Батысты кінәлі деп санайды. Елдің 40 пайызының пікірінше, АҚШ Ресей экономикасын тежегісі келеді. Ал 36 пайызы Батыс Ресейге мәдениетін тықпалағысы келеді, өз мәдениетімізден айырғысы келеді деп жауап берген. Ал сауалнамаға қатысқандардың 31 пайызы АҚШ Ресейге соғыс ашуы мүмкін деп ойлайды екен. Бұлайша ойлайтындар 2007 жылы 21 пайызды құраған.

Назар Тұрықбайұлы 


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар