Ресейге бармақ болған қазақстандықтар жолда тағы бір кедергіге тап болуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 20 мау. 2025 18:16

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Маштаково бекетінде көлік кептелісі болуы ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Росгранстрой мәліметінше, бұған өткізу пунктіндегі техникалық жұмыстар себеп. Орынбор облысында орналасқан бұл бекетте паспорттық-идентификациялау жүйесін (ПИДК) жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Ресейге кіру шектеулі болуы мүмкін. Жөндеу жұмыстары жергілікті уақыт бойынша 22:00-ге дейін (Астана уақытымен түнгі 00:00-ге дейін) жалғасады.

Росгранстрой жүк тасымалдаушыларға шекарадан өту уақытын алдын ала жоспарлап, балама бекеттер - Теплое (тек Қазақстан және Ресей азаматтары үшін) немесе Ілек арқылы өтуді ұсынады.

Айта кетейік, 2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресей шекарасынан визасыз режиммен өтетін шетел азаматтары, соның ішінде қазақстандықтар үшін жаңа ережелер енгізіледі. Енді көрші елге бару үшін кемінде 72 сағат бұрын RuID платформасы арқылы электронды өтінім беріп, арнайы QR-код алу міндетті.

Сонымен қатар, шекарадан өткен кезде биометриялық тіркеу талап етіледі - саусақ іздері алынып, фотоға түсіріледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар