Ресейде жүрген қазақстандықтарға қандай шектеу енгізілді?

Көркем Алдабергенова 01 сәу. 2025 10:12 589

Ресейдегі қазақстандықтар енді жүргізуші куәлігін пайдалана алмайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шетелдік жүргізуші куәлігін қолданып жүрген кейбір көлік жүргізушілері үшін 1 сәуірден бастап Ресейде жаңа талап күшіне енді: енді оларға ресейлік жүргізуші куәлігі қажет. Бұл талап «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» заңда көрсетілген. Атап айтқанда, ол 2024 жылғы 1 сәуірге дейін тұрақты тұруға рұқсат немесе Ресей азаматтығын алған шетелдіктерге, сондай-ақ осы күнге дейін елге кірген шетелдік жүргізуші куәлігі бар ресейліктерге қатысты.

Егер 2025 жылғы 1 сәуірде олар бұрын берілген шетелдік куәлікпен көлік тізгінінде отырса, бұл жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу болып есептеледі (Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 12.7-бабының 1-бөлігіне сәйкес), әрі 15 мың рубльге дейін (90 мың теңгеден астам) айыппұл салынады.

Бұл шектеу Беларусь азаматтарына және Беларусь жүргізуші куәлігі бар ресейліктерге қолданылмайды.

Егер шетелдік азамат ВНЖ немесе Ресей азаматтығын 2024 жылдың 1 сәуірінен кейін (мысалы, 1 қазанда) алған болса, ол өзінің шетелдік куәлігін жаңа мәртебе алған күннен бастап бір жыл бойы пайдалана алады (яғни, 2025 жылдың 1 қазанына дейін). Ресей азаматтары үшін де осы ереже қолданылады, бірақ есеп мерзімі – олардың Ресейге кірген күні.

Бұрын шетелдік жүргізуші куәліктерін ресейлікке емтихансыз ауыстыруға болатын. Алайда бұл жеңілдік 1 сәуірде тоқтады. ІІМ мәліметінше, осы мүмкіндікті шамамен 500 мың жүргізуші пайдаланған. Енді егер шетелдік куәлікте М, A немесе B санаттары ашық болса – теориялық емтихан тапсыру керек. Ал егер C немесе D санаттары болса – алдымен автошколада оқып, кейін теория мен «қалалық жүргізуден» емтихан тапсыру қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар