Ресей кентіндегі жаппай төбелес: СІМ қазақстандықтардың жағдайы туралы айтты

Қаракөз Амантай 01 сәу. 2026 13:22

Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Ресейде қазақстандықтар қатысқан жаппай төбелеске қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Қазақстан консулы оқиғаға қатысы бар азаматтарға қажетті көмек көрсетіп жатыр. Қақтығысқа байланысты бірнеше адам ұсталғанымен, олардың басым бөлігі кейін босатылған. Қазіргі уақытта бірқатар азамат әкімшілік қамауда отыр, ал үш қазақстандыққа қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Ержан Ашықбаевтың сөзінше, жанжал тұрмыстық сипатта болған. Бүгінде жағдай тұрақты, қосымша қақтығыстар тіркелмеген.

"Қазіргі таңда оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ вице-министр кәсіпорында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарды елге қайтарудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның мәліметінше, аталған портта шамамен 4 мыңға жуық отандасымыз еңбек етуде.

Айта кетейік, бұған дейін Усть-Лугадағы вахталық қалашықта жұмысшылар мен күзет қызметкерлері арасында жанжал туындағаны туралы жазған едік. Бұл нысанда түрлі елден келген жұмысшылар еңбек етеді, оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда бірнеше адамның жиналып, қақтығыс болғаны көрінеді. Кейбір кадрларда автокөліктің адамдар тобына қарай жүргені, ал басқа видеоларда күзет қызметкерлерінің адамдарды күштеп көлікке отырғызғаны байқалады.

Алайда ресми дереккөздер бұл оқиғаны ұлтаралық қақтығыс емес, жұмысшылар мен күзет арасындағы тұрмыстық жанжал деп сипаттады.

Қанша адам ұсталды?

Ресейлік құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанжалдан кейін полицияға 30-дан астам адам жеткізілген. Олардың бір бөлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін босатылған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де бұл ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, ұсталғандардың арасында Қазақстан азаматтары бар. Кейбіріне 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау тағайындалған.

Сонымен қатар үш қазақстандыққа қатысты тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Зардап шеккендер бар ма?

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматтарының арасында ауыр жарақат алғандар жоқ.

Қазақстан СІМ өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Санкт-Петербургтегі Бас консулдық қызметкерлері оқиға орнына барып, ұсталған азаматтармен кездескен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove