Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының “қара жәшіктерінен” алынған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Лавровтың айтуынша, ұшақтағы жазбаларда “қызық мәліметтер” анықталған. Оның сөзінше, кейбір деректер бұған дейін БАҚ-та тараған апат туралы мәлімдемелерді растамайды. Алайда нақты қандай ақпарат бар екені ашып айтылмады.
— Бразилияда арнайы кездесу өтті, “қара жәшіктер” ашылды. Олардың мазмұны біраз маңызды мәліметтер берді. Толыққанды тергеу нәтижесін күту керек, ақпарат кеңістігінде жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ, – деді Лавров баспасөз конференциясында.
Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кейінірек Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес Қазақстан Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық органдарымен ақылдасқан соң, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын комиссия Embraer ұшағының қара жәшігін Бразилиядағы CENIPA орталығына жіберу туралы шешім қабылдады.