Райымбек ауданы орталығы Нарынқолда жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Жарбол Кентұлы 18 шіл. 2024 16:56 2188

Алматы облысында өрт сөндіру бекеттері жеткіліксіз. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданындағы сапары барысында саладағы қажеттілікті атап өтіп, Нарынқолдағы өрт сөндіру бөлімінің ашылуына қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Райымбек ауданы таулы, нулы аймақ. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі мен өрт сөндіру бекеттері қажет-ақ.

Жалпы облыста мамандандырылған бөлімшелермен қатар,  сала мамандарына да сұраныс жоғары. Тапшылық бар. Алматы облысында 474 төтенше жағдайлар қызметкері бар. Ал, қажеттілік мыңнан асады.

Нарынқолдағы өрт сөндіру бөлімінің ашылуында облыс басшысы осындай статистиканы атап өтті. Екі еселік жүктемемен қызмет етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Бүгінде Алматы облысында 13 өрт сөндіру бөлімі бар. Тағы 18-і қажет. Төтенше жағдайлар министрлігінің комитет төрағасы Рамиль Камалов бөлімшелердің ашылуына қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

– Еліміздің 80 пайыз аумағында табиғи өрттің қауіптілігі жоғары. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Әрі баршамызға ортақ. Шыны керек, республикада дәл осындай 121 депо қажет. Ал Алматы облысына 18 нысанды салуымыз керек. Алматы облысы әкімдігі мен аппараты бұл іске ары қарайда қолдау көрсететіне сенеміз, – деді комитет өкілі.

Жаңа ашылған нысан 288 млн теңгеге салынып, жасақталған. Мамандарға қажеттің бәрі бар. Мұнда 17 қызметкер еңбек етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар