«QYZYLJAR» футбол клубы алғашқылардың бірі болып жеке қаржыландыруға көшті

Асель Қайратқызы 10 қар. 2025 11:53

Спорттық брендті, инфрақұрылымды және клубтың активтерін беру туралы келісімге қол қойылды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Петропавл қаласында спорттық сабақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат «Қызыл-Жар» футбол командасының ҚФФ, FIFA және UEFA қолдауымен өтетін жарыстарға қатысуына байланысты құқықтары мен міндеттерінің берілуін анықтайды.

Мемлекет басшысының кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы болып кәсіпкер Сергей Кан анықталды.

Басқаруды тиімді дамыту және жаңғырту мақсатында инвестор жаңа заңды тұлғаны – «QYZYLJAR» футбол клубы» жеке мекемесін тіркеді.

Тараптар барлық жарыстарға қатысу құқығын берумен қатар, команда жарыстарға қатысатын клуб атауын беру туралы уағдаластықтарға қол жеткізді; тауар белгісіне зияткерлік меншік құқығы, сондай-ақ клуб түстері-Петропавл тұрғындарының сүйікті футбол командасы бұрынғыдай қызыл-қара түстерде ойнайтын болады.

Алдыңғы құқық иесі клубты ҚФФ, FIFA, UEFA және CAS заңды (сот) органдарында қаралатын істерге, сондай-ақ құқықтар мен міндеттер берілгеннен кейін туындауы мүмкін істер бойынша қатысуға тартумен байланысты жағымсыз салдардың туындауын болдырмауға міндеттенеді. Ал мұндай даулар туындаған жағдайда алдынғы құқық иесі оларды өз күшімен шешуге міндеттенеді.

Клубты Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп қаржыландыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ, команданың негізгі құрамы үшін жайлы тұрғын үй жағдайларын жасауға мүмкіндік беретін жаңа спорттық база салу жоспарлануда. Бұл жобаны іске асыру клубтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Петропавлдағы «Қарасай» стадионы клубтың сенімгерлік басқаруына беріледі. Қазіргі уақытта уәкілетті органдармен келіссөздер мен келісу рәсімдері жүргізілуде. Стадионды клубтың басқаруына беру инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, Оқу процесі мен үй матчтарын өткізу үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ өңірде футбол іс-шараларын ұйымдастыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қызыл-Жар» футбол командасының бас менеджері болып Әлішер Апсалямов тағайындалды. Оның қызметтік тізімінде: «Sarajevo» (Босния және Герцеговина), «Cardiff City» (Ұлыбритания, Уэльс), «Қайрат» (Алматы), «Каспий» (Ақтау), «Атырау» (Атырау), «Тобыл» (Қостанай) футбол клубтарында еңбек тәжірибесі бар.

«Жақын арада «QYZYLJAR» футболшыларының жоспарында – Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары, онда бір жарым ай ішінде алдағы маусымға арналған ойын командасының құрамы айқындалады. Клуб менеджменті қазақстандық және халықаралық нарықты зерделей отырып, футболшыларды мұқият талдау және іріктеу жүргізетін болады», - деп атап өтті Әлішер Апсалямов.

«QYZYLJAR» футбол клубы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жекешелендіру үдерісінен алғашқылардың бірі болып өтті. Бұл қадам басқарудың тиімділігін арттыруға, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және өңірдің футбол инфрақұрылымын дамытуға инвестициялар тарту үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Команда жаңа маусымды жаңартылған форматта - жеке отандық инвестормен, күшейтілген құраммен және клубты дамытуға заманауи көзқараспен бастайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар