Кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов Forbes журналының 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар рейтингінде бірнеше сатыға жоғарылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылым дерегіне сәйкес, кәсіпкердің қазіргі байлығы 160 миллион долларға бағаланған. Осы көрсеткішпен ол рейтингтің 58-орнына жайғасқан.
Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы Алагөзовтің капиталы 130 миллион доллар деп есептеліп, ол тізімде 61-орында тұрған. Осылайша бір жыл ішінде кәсіпкердің дәулеті шамамен 30 миллион долларға өскен.
Алайда Forbes оның байлығының артуына нақты қандай факторлар әсер еткенін егжей-тегжейлі түсіндірмеген.
Тұрсынғали Алагөзов – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алкогольсіз сусын өндіретін ірі компаниялардың бірі GALANZ Bottlers-тің иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы.
Кәсіпкер 2024 жылы Шымкент сыра зауытын сатып алған. Ашық деректерде оның кәсіпорынға шамамен 40 миллион доллар инвестиция салғаны айтылады.
Сонымен қатар Алагөзов 2026 жылы зауыттың өндірістік қуатын айына 10 мың тонна сыраға дейін жеткізуді жоспарлаған.
Кәсіпкер бұған дейін қызметкерлеріне пәтер сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленген еді.