Астана халықаралық әуежайында әуежай басшылығы мен Қытайдың Urumqi Air әуекомпаниясының өкілдері арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жаңа халықаралық әуе қатынасын дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Астана мен Құлжа қалалары арасындағы тұрақтыәуе қатынасын іске қосу мәселесі болды. Алдынала жоспар бойынша рейстерді биылғы қыркүйек айынан бастап аптасына 2–3 рет орындау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, әуе компаниясының өкілдері Астана халықаралық әуежайын Еуропа бағытындағы рейстер үшін транзиттік авиациялық хаб ретінде пайдалану мүмкіндігіне қызығушылық танытты.
Тараптар халықаралық бағыттар желісін кеңейту әлеуетін, ынтымақтастықтың негізгі шарттарын және халықаралық әуе қатынасын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында жаңа бағытта пайдаланылуы жоспарланған әуе кемесіне де ерекше назар аударылды. Әңгіме Қытайда өндірілген заманауи өңірлік жолаушылар ұшағы – Comac C909 туралы болып отыр. Рейстер іске қосылған жағдайда, бұл әуе кемесі алғаш рет Астана халықаралық әуежайына тұрақты рейстер орындайтын болады.
Астана халықаралық әуежайы халықаралық бағыттар санын ұлғайту, шетелдік әуекомпанияларымен ынтымақтастықты нығайту және жолаушылар мен транзиттік тасымалды дамыту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Айта кетейік, Urumqi Air – 2014 жылы құрылған Қытайдың әуе компаниясы. Компанияның негізгі базасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы – Үрімжі қаласында орналасқан. Urumqi Air ішкі және халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Қазіргі уақытта әуекомпаниясы 50-ден астам бағытқа рейстер орындайды. Әуе паркінде 15 әуе кемесі бар, оның ішінде Boeing 737 және Comac C909 ұшақтары пайдаланылады.