Қытайда әлемдегі ең ірі алтын кен орындарының бірі табылды

Қытайда әлемдегі ең ірі алтын кен орындарының бірі табылды
Фото: Xinhua / Su Xiaozhou

Хунань провинциясында жүргізілген зерттеу кезінде геологтар аса ірі алтын қорын анықтаған. Алдын ала мәлімет бойынша, кен орнындағы алтын көлемі 1000 тоннадан асуы мүмкін. Мамандар оның жалпы құнын 80 миллиард доллардан жоғары деп бағалап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зерттеу Пинцзян ауданындағы Ваньгу алтын кенішінде жүргізілген. Ғалымдар жер астынан 40-тан астам алтын қабатын анықтаған. Қазіргі есеп бойынша, тек 2 мың метр тереңдіктің өзінде шамамен 300 тонна алтын бар. Ал арнайы 3D-модельдеу жұмыстары алтын қоры бұдан да тереңде жалғасуы мүмкін екенін көрсеткен.

Сарапшылардың айтуынша, кейбір кен құрамындағы алтын мөлшері өте жоғары. Мысалы, бір тонна жыныстың құрамынан 138 грамға дейін алтын табылған. Бұл алтын өндірісіндегі өте жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.

Егер зерттеу нәтижелері толық расталса, бұл кен орны әлемдегі ең ірі алтын кеніштерінің біріне айналуы мүмкін. Мамандар оның көлемі Оңтүстік Африкадағы әйгілі кен орындарынан да асып түсуі ықтимал екенін айтып отыр.

Қытай қазірдің өзінде алтын өндіру бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарында. Соған қарамастан, елде алтынға сұраныс жоғары болғандықтан, Қытай әлі де шетелден алтын импорттайды.