Өткен ай Алматыға бардым. Өзгеріпті. Әсіресе халқының нұр шашып тұратын жүздері күреңітіп, қарақошқылданып кетіпті. Қашан да жердің көркі халқымен екен. Қанына қарайып алған қарапайым алматылықтарды көріп, ішімде әлдене қылп етіп бой көтерді де, кейін, сол үрей алай-дүлей дауылға айналды...
Тарихи жерлерді аралап, материал жинақтап жүргенбіз. Әйгілі Алтын адамның басына бардық. Біз өзі сондай халықпыз, балам, бабаларымыздың басы жатқан жерді қорғай алмаймыз. Бабаларымыздың басын даулай алмаймыз. Бар бас көтереріміздің қырылып қалғанына осындайда көзің жетеді... Иә, қазір бабаңның моласынан, біреудің бизнесі қымбат, ботақаным. Алтын адам табылған қорғанның орнында автобаза тұр екен. Сонау 1970 жылдары ұлы жаңалық болған Есік Алтын адамының қасіреті мұнымен бітпегенін көрдік. Оның сүйегінің жоғалғанын көрдік... Абырой болғанда табылғанын естідік... Жартылай болса да бассүйегі болған көрінеді, бірақ қазір жоқ... Осының бәрін осыған дейін білмей қалған жоқпыз... Көңіл сенбеген соң, көзімізбен көруді ойладық. Бардық... Көрдік... Жарайды-ақ, кеңестің қылшылдаған уақытында Алтын адам табылып, оның моласы жабылды делік, ал тәуелсіздік алған 25 жылда сол моланы қалпына келтірер шама болмағанына, дәлірек айтсам, ниеттің болмағанына қынжылдым, балам...
Өмірімде еркектің жылағанын екі-ақ рет көрдім, жарығым! Біздің елдің еркектері көз жастарын көрсетпейді. Алғаш 22 жасымда сол Алматының туған күніне байланысты сюжет жасау үшін халық көп жиналатын арбатқа бардым. Блиц-сұхбат алып жүргем... Жасы қырықтан асқан жігіт ағасы «Алматы жақсы ғой, жақсы! Тек біздейлерді өгейсітетіні болмаса...» деген кезде көзінен жалғыз тамшы жылт ете қалған болатын. Өзім де сол Алматыдан өгейлік көргендіктен оның жан-дүниесінде не болып жатқанын менен артық ешкім түсінбес еді. Біз сондай халықпыз, балам, Өз еліне өзі тұл қазақпыз.
Екінші рет кеше жердің сатылатынына жаны күйген тағы бір жігіт ағасының «ұрпағыма не бетімді айтамын?» деп өкіріп жылағанын көрдім. Әйелі ерге, ер жігіт жерге қараған заман осы болды.
Ең сорақысы түсім еді... Қолымда кебінім... Көр іздеп жүр екем. Жер дүниенің бәрі мола. Бірақ мен жататын жарты кез жер жоқ екен... Жанталасып, ойға шабам, қырға шабам, бір қарасам... бұта-тікен жыртқан кебінімнен пұшпақ та қалмапты... Сонымен көр де жоқ, кебін де жоқ, меңдуана жегендей... меңірейіп мен қалдым, балам...
... Тұспалдап сөйлеуге көштім, кешір. Сенің тіліңде сөйлеп отырмағанымды білем, бірақ, бала анасы қай тілде сөйлесе соны түсінеді ғой, жарығым...
Мына өмірде азшылық деген бар, көпшілік деген бар! Азшылық – аз екенін, аз деген таяз екенін өздері-ақ дәлелдеп жатады. Көпшілік – көл екенін, тасыса сел екенін білдіріп жатады. Көңілдің неден толқығанын енді түсінген боларсың, жарығым.
Ертең өмірге келерсің, тілің де шығар, ділің оянар! Кеудемізде жанымыз болса саған ұлтыңның кім болғанын танытармыз, тарихыңды сіңірерміз, тұлғаңды қалыптастырармыз. (Барлығын өткен шақпен жеткізсек те, сенің негізсіз емес екеніңді ұқтырармыз!..) Сол кезде төтеден қойылар бір сұраққа жауап бере алмайтынымды осы бастан ескертейін деп бүгін көзімнен жасым сорғалап отырып, саған аманат жазып отырмын. Әйтпесе, мендей ананың сөзіне құлақ асарлық азшылықты көріп отырғаным жоқ, балам.
Менің бұл хатымды ақталу хаты дерсің, қалай атасаң да еркің, балам, тек менен «Анашым, бойыма қазақтың нәрін бердің, барын бердің, ұлтымыздың бар жауһарымен таныстырдың, дүниені дүркіретіп бабаларымыз өткен екен, аттың дүбірінен көрші елдер сескенген екен, моласына тигенді жайпаған екен бабаларымыз, сөйткен қазақтың жері қайда?» деп сұрақ қоймасаң болғаны... Сол сұрақты қойдырар жайттардың болмасына тілек қылдым, жарығым...
Таң намазының уақыты кіріп келеді. Таң намазында Алла Тағала тілеген тілекті кері қайтармайды деп сенем... Сен өмірге келгенде бабалар қастерлеп кеткен қазақтың қара жері жалға беріліп, не сатылып жатпаса екен! Әумин!
- 04. 2016 жыл, 04:05
Шарафат РЫСБАЙҚЫЗЫ, Астана