"Құрамына гашишь те, арақ та қосылуы мүмкін": депутат кальянға қатысты дабыл қақты

Dalanews 24 қаң. 2024 05:59 1090

Депутат Дәулет Тұрлыханов жас та, кәрі де пайдаланатын электрон темекі, синтетикалық наркотик, бір ішсең қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зиян заттар күннен күнге көбейіп бара жатқанын айтып, соның бірі ретінде кальянға тоқталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тұрлыханов мұны ұрпақты аздыратын құрал екенін айтты.

"Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті.

Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ! Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Бұл - дабыл қағарлық жағдай!" - дейді ол.


Депутат кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар екенін, алайда бұл норма орындалмай отырғанын жеткізді.

"Кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулықтарына зиянын тигізіп отыр. Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр. Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды.

...Сондықтан қоғамды кальяннан арылтып, оған мүлдем тыйым салу қажет деп есептеймін", - деді ол.


Сурет: ©wrestling.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар