Алматы прокуратурасы 13 адамның өліміне әкелген хостелде тергеу жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2023 жылы 30 қарашада Almaty хостелін шарпыған өрт бүкіл Қазақстанды дүрліктірген еді. Ал қайғылы оқиға нәтижесінде 13 адам қаза тапты.
Аталмыш оқиға Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігінде ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген болатын.
"Аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен жалға алушы ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта Алматы қаласы прокуратурасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеу үшін сотқа дейін тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", - деп мәлімдеді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жандос Әбдібаев.
Сотқа дейінгі тергеу барысында қаза тапқан барлық 13 адамның жеке басы анықталды, олардың денесі туыстарына берілді. Өртте қаза тапқандардың толық және нақты тізімін құзыретті органдар әлі жарияламаған.
Әкімдіктің мәліметінше, хостел өрт болардан бір жарым ай бұрын ашылған. Ғимарат Halyk Bank-ке кепіл мүлкі ретінде тиесілі болған және банк оны жалға беріп қойған.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстандағы ең ірі банкке “АЛМЭКС” холдингі мен акцияларды номиналды ұстаушы ретінде The Bank of New иелік етеді. Ал АЛМЭКС холдингінің түпкі иелері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Яғни, Қазақстандағы ең ірі банк Құлыбаевтар отбасының қолында.