Қазақстанда теміржол арқылы жүк тасымалдау саласына жеке компанияларды тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Теміржол арқылы жүк тасымалдаудағы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының монополиялық мәртебесі соңғы жылдары бірнеше рет сынға іліккен. Егер 2016 жылдан бастап жолаушылар тасымалына жеке операторлар қатысуға мүмкіндік алса, жүк тасымалы бүгінде әлі де ҚТЖ-ның айрықша құзырында қалып отыр.
Алайда, мемлекет бұл бағытта өзгеріс жасауға дайын екенін ресми түрде жария етті.
"Министрлік теміржол саласын дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Аталған тұжырымдама аясында жүк тасымалына жеке секторды тарту бөлігінде екі жеке оператор пилоттық жоба ретінде жұмыс істеуде. Бізге 2027 жылға дейін уақыт берілген. Осы екі жыл ішінде заңнамалық базаны әзірлеп, технологиялық процестерді толық сынақтан өткіземіз. Содан кейін жүк тасымалы нарығында жеке тасымалдаушылар толыққанды жұмыс істейтін болады", – деді Тайжанов ОКҚ брифингінде.
Комитет төрағасының айтуынша, жекеменшік инвесторлар теміржол инфрақұрылымын салу жобаларына да тартылып жатыр. Мысалы, Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысына жеке инвестор қатысқан. Бұл тәжірибе мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестіктің тиімділігін талдауға мүмкіндік беріп, болашақта оны заңнамалық деңгейде кеңейтуге негіз болмақ.
Контекст: Егер ҚТЖ монополиясынан айырылса, бұл жүк тасымалы нарығында бәсекелестікті арттырып, баға мен қызмет сапасының жақсаруына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, жекеменшік сектордың тартылуы инвестиция көлемін ұлғайтып, инфрақұрылымдық жобаларды жылдамырақ жүзеге асыруға сеп болуы ықтимал.