Қостанайлық "Альфард" Ресейде жантүршігерлік жол апатына ұшырады

Көркем Алдабергенова 19 там. 2024 15:22 4565

Ресейде қазақстандық Тойота Альфард автокөлігі жол апатына түсті, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Наша Газета" басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 19 тамызда түнгі 03.00 шамасында Ресейдің Челябі облысында болған. Басылым мәліметінше, қостанайлық нөмірі бар Toyota Alphard жолаушыларымен бірге аударылып кеткен. 

Бірнеше жолаушы зардап шеккен, көліктегі зейнеткер қаза тапты. 

"Алты жолаушы зардап шекті, оның ішінде 10 жастағы бала бар. Бәрі автокөлік аударылып кеткен кезде терезеден "ұшып" кеткен. Жолаушының сөзінше, жүргізуші үнемі телефонға қараумен болған", - дейді оқиға орнында болған адам. 

"Toyota Alphard-тың 1994 жылғы жүргізушісі көлікті басқара алмай, оң жақ жолаққа шығып, аударылып кеткен. Жол апаты салдарынан 10, 20, 74 және 47 жастағы жолаушылар түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. 1964 жылы туған жолаушы алған жарақаттары салдарынан ауруханада қайтыс болды", - делінген полиция хабарламасында. 

Еске салайық, Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін қазақстандықтар Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін Тойота Альфард маркалы автокөліктеріне қарсы шыққан болатын. 

Желі белсендісі Бекайдар Алмұханов қазақстандықтарды Тойота Альфард көліктеріне мінбеуге шақырды. 

"Бүкіл жерге қарасаң осы көлік. Қазақстанда бұдан басқа көлік қалмады ма? Неге "Альфард" жүргізушілерінің көпшілігі такси? Сіздерге айтар ақылым, "Альфард" автокөліктеріне мінбеңіздер. Түндегі сұмдық жағдайда көліктің ішіндегі төрт адам тірідей жанып кетті, екі полиция қызметкері қайтыс болды.

Көлікті тізгіндейтін бесіктен белі шықпаған жас балалар. Фараларды «өлтіріп» жағып, ыржың-тыржың етіп, тасжолда өздерінен басқа адам жоқ сияқты еліріп жүреді. Ішкі істер қызметкерлері олардың заңға қайшы орнатылған фараларын алып тастауы тиіс. Тағы да айта кетейін, Еуропа елдерінде жүк көлігі жүргізушілеріне тахограф (жүргізушілердің қозғалысын тіркеуге арналған механикалық немесе электронды бақылау құралы) қойылады. Тойота Альфардтарға да дәл осындай құрылғы қою керек, олар аталған чип-картамен заңды бұзбай айдауы тиіс. Әр қаладан келген сайын полиция қызметкерлері Альфард иелерін тексерсін», - дейді блогер.

Бекайдар Алмұханов "Альфард" иелерінің көлікті басқару техникасы дұрыс емес екенін айтады.

"Көліктің газын түбіне дейін баспаса, Альфард да жын қуғандай жүрмес еді. Көлікті жаймен, байсалды айдайтын жүргізушілер де бар. Алайда қазіргі күні осы көлікті тізгіндегендердің дені жас балалар. Осы турасында полициядан маңызды ақпарат алдым. Тойота Альфардтың рөлінде көбіне-көп 2000 жылдардың бас кезінде өмірге келген буын отыр", - дейді блогер.

Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 17 тамыз күні түнгі сағат 01:00 шамасында республикалық маңызы бар Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолының 34-ші шақырымында, Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылының маңында жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Alfard минивені мен Skoda-Octavia полиция көлігі бетпе-бет соқтығысып, минивэн өртеніп кеткен.

Тойота Альфард көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың төртеуі сол жерде қаза болып, үш жолаушы мен жүргізуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды.

Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар