Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Қарабалық ауылында блогер Миршат Сәрсенбаев 15 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, жәбірленуші – жергілікті құс фабрикасын қайта жандандыру жобасымен айналысатын Poultry Agro компаниясының өкілі.
Сәрсенбаев интернетке алты бейнеролик жариялап, онда аталған компанияның жер телімдерін заңсыз пайдаланып отырғанын мәлімдеген. Сондай-ақ, ол кәсіпорын аумағынан шығарылған қоқыс үйінділері мен фабрика тракторының қоқысқа тірі және өлі тауықтарды апарып төгіп жатқанын түсірген.
“Яғни, бұл жерде құстарды тірідей жою фактісі анық байқалады. Бұл – жануарларға қатыгездік танытуға тыйым салатын заңды өрескел бұзу”, – делінген хабарламада.
Блогер құс фабрикасын тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен. Алайда, көп ұзамай оның өзі 15 миллион теңге бопсалау ісі бойынша айыпталып, қамауға алынған.
“Біздің дереккөздерімізге сүйенсек, Сәрсенбаевтың көлігі мен үйіне тінту жүргізілгенімен, одан айғақ заттар табылмаған. Ал ақшаның қайда екенін блогердің өзі айтқан. Оның жақтастары мен кейбір заңгерлер әлеуметтік желілерде бұл тергеуде бірқатар заңбұзушылықтар орын алғанын мәлімдеп отыр. Атап айтқанда, Сәрсенбаевқа күдікті мәртебесі туралы дер кезінде хабар берілмеген, оны әуелде қорғауға құқығы бар куәгер ретінде ғана тергеген”, – делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда кәсіпкер мен екі блогер бопсалау және әлеуметтік желіде компромат жариялаймын деп қорқыту фактісі бойынша ұсталған еді. Олардан 8 миллион теңге талап етілгені хабарланған.