Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына 55 мыңнан астам адам қатысуда

Ақтоты Жапатова 19 қар. 2025 10:03

Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысушылар саны 55 мыңнан асты. Статистикаға сүйенсек, оқырмандар көшін мектеп оқушылары бастап тұр – қазіргі уақытта 30 703 оқушы тіркелген. Бұл көрсеткіш жас ұрпақтың оқу мәдениетіне қызығушылығының артып келе жатқанын байқатады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ең белсенді аймақ – Қостанай қаласы: қала мектептерінен 6418 оқушы тіркелген. Одан кейінгі орындарда Рудный қаласы (4788), Әулиекөл ауданы (3112), Қостанай ауданы (2501) және Жітіқара ауданы (2195) тұр. Басқа қалалар мен аудандардың оқушылары да жобаға белсенді түрде қосылған.

«Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша облыста 10 122 отбасы тіркелді. Отбасылық оқу дәстүрі – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

«Кітап оқитын педагог» бағытында 11 047 мұғалім қатысуда. Жобаға білім беру ұйымдарының басшылары да белсенді атсалысып жатыр: 434 директор және 277 директор орынбасары кітап оқуға ниет білдірді.

«Кітап оқитын колледж» бағытында облыстың 33 колледжінен 2028 студент тіркелген.

«Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытында 300-ден астам адам қатысып жатыр. Аудан және қала әкімдері аппараттарының, басқарма қызметкерлерінің қатысуы жоғары. Ерекше көзге түскені – Федоров ауданы: 12 ауылдық округ әкімі және 18 бөлім басшысы тіркелген. Рудный қаласынан – 15, Қарабалық ауданынан – 9 ауыл әкімі, Амангелді ауданынан – 5, Қарасу ауданынан – 3 ауыл әкімі жобаға қосылды. Басқарма басшыларының орынбасарлары мен қала әкімінің орынбасарлары да қатысуда.

«Кітап оқитын университет» бағытында облыстың 6 жоғары оқу орнынан 1008 студент тіркелген.

«Бұл жобаға қатысу мен үшін кәсіби міндет қана емес, шынайы құштарлық. Оқитын мұғалім – білімді мұғалім. Жаңа әдістемелер мен психологиялық-педагогикалық еңбектерді оқи отырып, сабақ беру сапасын арттырамыз. Мұғалімнің қолындағы кітап – оқушылар үшін ең үздік үлгі әрі күшті мотивация. Қазір Орынша Қарабалинаның “Ұстаз бақыты” кітабын оқып жатырмын. Бұл шығарма ұстаздықтың рухани және практикалық қыр-сырын қайта ашқандай әсер қалдырады», - дейді Қостанай қаласындағы №31 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қымбат Сұлтанова.

Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Арайлым Исмағұлова кітап оқуды жеке дамудың маңызды бөлігі деп есептейді.

«Бос уақытымның көбін оқуға арнаймын. Қазір Никколо Макиавеллидің “Әмірші” трактатын оқып жатырмын. Жоба аяқталғаннан кейін де бұл кітаптардың құндылығы жойылмайды», – дейді ол.

Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы пилоттық түрде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған болатын. Қазіргі таңда үш өңірде жобаға  189 мыңнан астам адам қатысуда,  жоба қорытындысы 2026 жылғы сәуірде шығарылады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар