Қостанай облысында әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткізген брифингі уақытында атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қостанай облысында жаңа білім беру нысандарын салу арқылы өңірдің әлеуметтік саласын нығайту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2024 жылы Затобол кентінде 900 орындық, Арқалық қаласында 300 орындық екі заманауи мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар 747 орынға 5 балабақша салынуы мектепке дейінгі ұйымдарға түсетін жүктемені едәуір азайтты.

Ағымдағы жылы жалпы сыйымдылығы 5 мыңға жуық орын болатын тағы 6 мектеп ашылды. Олар Қостанай қаласының «Береке» және «Әуежай» шағын аудандарында, Арқалық қаласында, Қостанай ауданының Заречное және Еңбек ауылдарында, Әулиекөл ауданының Құшмұрын кентінде, Жангелдин ауданының Қолқамыс ауылында және Рудный қаласында орналасқан. Жыл соңына дейін 2,8 мың орындық тағы 3 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Соңғы үш жылда өңірде 4 960 орынға 8 мектеп және 2 242 орындық 14 балабақша ашылды. Бұл мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды едәуір арттыруға мүмкіндік берді: 2–6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 96,4 пайызға, ал 3–6 жас аралығы бойынша 100 пайызға жетті.

Балалардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамыту мақсатында заманауи орталықтар да ашылуда. Атап айтқанда, Қостанай қаласында SMART «IQostanay» орталығы, Тобыл қаласында «Балалар әлемі» балалар шығармашылық орталығы жұмыс істейді. Ал Жангелдин ауданының Торғай ауылында «Жас өркен» шығармашылық үйін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын, нысанды 2026 жылдың басында ашу жоспарланған.

Алдағы уақытта облыстың барлық өңірлерінде инженерия, робототехника, киберспорт, авиамодельдеу және бағдарламалау секілді заманауи бағыттарды қамтитын осындай орталықтарды ашу көзделіп отыр. Бұл балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең мүмкіндіктерге ие болуына жағдай жасайды.
