Қостанай облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 230 келі есірткі тәркіленіп, 180 есірткі сайты мен 100 граффити-жазу жойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Прокуратура мәліметінше, есірткі қылмыстарына қарсы күрес аясында 2,9 мың банк шоты бұғатталған. Сонымен қатар, сот шешімімен екінші деңгейлі банктердегі жалпы сомасы 194 млн теңге болатын қаражатқа тыйым салынды.
Жыл басынан бері өңірде есірткі қылмыстарына қатысы бар 33 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 13 адам есірткі өткізгені үшін, ал екі адам есірткіні жарнамалағаны үшін жауапқа тартылды.
Атап айтқанда, 20 сәуірде Жітіқара қаласының тұрғыны интернет арқылы есірткі заттарын жарнамалап, өткізгені үшін кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген.
Тергеу барысында сотталған әйелдің Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейтін интернет-дүкен қызметіне қатысқаны анықталған. Ол SMM-менеджер ретінде Telegram, TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде есірткі таратушыларды тартуға бағытталған жарнамалық хабарламаларды жүйелі түрде жариялап отырған.
Тінту кезінде оның тұрғылықты жерінен 790 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірдегі есірткі қылмыстарының саны 213-тен 134-ке дейін, яғни 37 пайызға төмендеген.
Соның ішінде есірткі сақтау фактілері 101-ден 61-ге дейін, ал есірткі өткізу фактілері 69-дан 41-ге дейін азайған.
Прокуратура мәліметінше, өңірде нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.