Қазақстан президенті сайлауында халықтың 16 пайызы дауыс берген кандидат Әміржан Қосанов ұзаққа созылған үнсіздікті бұзып, желідегі жұртқа жауап қатты:
"Мені қолдаған барша сайлаушыға шын жүректен алғысымды айтамын! Осы күндері шаршамай-шалдықпай, бір тиын қаржылай көмексіз азаматтық парызын адал атқарған штаб өкілдері мен барлық волонтерлерге – насихатшылар мен бақылаушыларға алғысым шексіз! Мен сіздерге өмір бойына қарыздар болып өтемін!
Мен емес, дәл сіздер қоғамды ояттыңыздар!
Осы сайлаудың жаңаша бір ерекшелігі бақылаушылар болды деп санаймын! Сіздердің бақылауларыңсыз қорытынды басқаша болар еді!
Менің президент сайлауына түсуімнің себептері мен ішкі иірімдері туралы мен сіздерге о бастан ашық айтқанмын.
Кейбір бұрынғы әріптестерім қолдаудан бас тартуына қарамастан, сайлау науқаны ойдағыдай өтті деп санаймын. Біз электоральды науқанның барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз бағдарламамызды қалың көпшілікке жеткізуге тырыстық. Және де ол ойларымызды қоғамның біраз бөлігі қолдағанын өз көзімізбен көрдік.
Өз басым сорақы сайлауларды да көргенмін: белсенділерді өлтіріп жатты, үгіт-насихат материалдар тиелген машиналарды өртеп жатты, бізге қарсы сұмдық арандату мен қоқан-лоққы көрсетіліп жатты. Бұл жолы ондай масқара болған жоқ.
Мені қолдап сайлаушылардың 16 проценті дауыс берді, ол - бір жарым миллион қазақстандық деген сөз.
Қазақстан оппозициясының бір де бір өкілі (тұтас партиялар мен қозғалыстарды қосқанда!) осыған дейін болған президенттік және парламенттік сайлауда дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алмады.
Бұл біздің баршамыздың ортақ жетістігіміз!
Маған қатысты айтылған сыни пікірлерді де мен ескеремін, ол шынайы демократия, сөз бен пікір бостандығының бұлжымас шарты. Осы күндері қалыптасқан ахуалды бағалап, таяу арада болашақ қимыл-әрекеттеріміздің нобайын әріптестермен бірге талқылап, анықтаймыз.
Артында мықты партия жоқ тәуелсіз кандидаттың қоғам қолдауына ие болуы осы сайлау науқанның өзіндік бір ерекшелігі болды деп санаймын.
Тағы да қайталап айтайын, ендігі жерде билік балама пікір бар екенін мансұқ ете алмайды. Таза арифметикалық факт мынадай: билік өкілінен басқа қалған бес кандидаттың осы сайлауда жиған дауысының саны маған, оппозиция өкіліне берген дауысқа жетпей тұр. Енді осы арифметикалық факт саяси факторға айналуы шарт! Сондықтан да менің бағдарламамның ұстыны болған саяси реформалар дереу қолға алынуы тиіс!
[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]Осы күндері менің экзит-пулдан кейін берген менің комментарийіме қатысты біраз сын айтылып жатыр.
Бірақ осы орайда бір жайтты ашық айтайын.[/perfectpullquote]
Сайлау қарсаңында және оның барысында біз, қатарымызда бар саясаткерлер, саясаттанушылар, ауыл-аймақтағы белсенділер болып, жабық зерттеулер жүргізбенбіз. Сонда мені танушы, қолдаушылардың саны 30-40 пайыздан аспады. Қоғам біркелкі емес екені анық, аймақтарда да, сайлаушылардың жас мөлшеріне қатысты топтарда да менің рейтингім ала-құла еді: бір жерде қолдау баршылық, ал бір жерлерде танымалдық тіпті аз болып жатты.
Қазақстан оппозициясының 2005 жылдан бері президент сайлауына қатыспауы, біздің жергілікті жерлерде көптен бері нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізбеуіміз – осының бәрі осындай цифрларға негіз болды деп санаймын. Сондықтан да мен өз сұқбаттарымда екінші тур болуы мүмкін деп айтқан едім.
Бірақ сайлау барысында менің діттеген межеге жетуіме кедергі болған жайттар пайда болды.
Олар – Әблязов мырза мен оған жақын тұлғалардың мені (билік кандидатын емес!) күні-түні қаралап, күйе жағуы, оппозиция сапындағы кешегі әріптестерімнің мені қолдамауы (жасыратын несі бар, маған қарсы үгіт-насихат жүргізуі!), дауыс беру секілді азаматтық әрекеттен бас тартуға шақырған «бойкотшылар».
Бұған оппозиция өкіліне ұлттық буржуазияның қол ұшын бермегенін, яғни қаржы тапшылығын қосып қойыңыз. Осының бәрі, сөз жоқ, менің мейлінше жоғары жетістікке қол жеткізуіме өз салқынын тигізді.
Сайлау алдында билік өз зерттеулерінде маған 5 және 7,9 пайыз беретіндей сыңай танытқанын өздеріңіз білесіздер. Ондай болжауларды біз сынадық, қабылдамадық.
Сондықтан да дауыс беру барысындағы экзит-пул кезінде 15,9 пайыз жарияланғанын өз басым дәл сол кезде одан да төмен цифрлармен салыстырғанда оң нәтиже деп санап, сондай комментарий бергенім рас. Оның үстіне әдетте экзит-пул мен ресми нәтиженің арасы алшақ болмайды емес пе?
Мен осы күнге дейін жария етіп келе жатқан ешбір бағдарламалық мәлімдемелерім мен принциптерімнен бас тартпаймын! Демократиялық құндылықтарды қорғау мен қоғам мен билік арасындағы диалогты орнату жолында қызметімді жалғастыра беремін!
Төңкеріссіз, бүліксіз өзгерістерді қалайтын ағайын менің осы бағыттағы жұмысымды қолдайтынына мен сенімдімін. Және де біз, біріге отырып, қоғамды да, билікті де өзгерте аламыз деп ойлаймын!
Сайлау оппозицияны да өзгертіп жатыр. Электоральды науқанның бар ауыртпалығын бірге көтеріскен сенімді серікстестер пайда болды. Бір қуанарлығы – арасында жастар көп! Ол жастар биліктің ғана емес, демократиялық күштердің стратегиясы мен тактикасының заман талаптарына сай өзгеруін талап етіп отыр. Сонымен бірге, арамызда жолы бөлек адамдар да бар екені анықталды.
Біз билік өзгеруі тиіс деп жатамыз. Меніңше, оппозиция да өзгеруі тиіс. Сонымен бірге оның ішіндегі күштер өз таңдауын жасап, бағдарламалық және қимыл-әрекет басымдықтарына сай өз орнын анықтап алуы тиіс сияқты.
Менің ендігі миссиям – демократиялық принциптерді табанды да тегеурінді қорғап отырып, билік үшін заң аясында күресетін қоғам белсенділерінің жаңа толқынына, жаңа оппозицияға институттық сипат беру. Өйткені, жаңаша жағдайда оппозициялық көңіл-күйлер сайлау барысында легитимденді, қоғамдағы екінші күшке айналды!
Осы күндері өтіп жатқан наразылық акцияларына қатысты баса айтқым келеді.
Жаңаөзен қанды қырғыны кезінде жарақат алған жастарды Ақтау ауруханасында көргеннен кейін саясаткер ретінде мен мынадай бір шешімге келгенмін: билікке қарсы күресті заң аясында жүргіземін, ертеңгі күні белгілі бір арандатудың кесірінен адам айтқысыз трагедияға, репрессияға әкеп соғуы ықтимал заңсыз әрекеттерге шақырмаймын.
Билік үшін таласта ағайынның, соның ішінде, жастардың бір тамшы көз жасы мен бір тамшы қаны тамбауы тиіс! Бұл принципті ұстанымым туралы мен сайлау алдында және оның барысында баршаға ашық айтқанмын!
Сондықтан да, алдын-ала айтқанымдай, мен «президент бола алмадым» деп, азаматтарды заңсыз акцияларға шақыра алмаймын! Әрине, радикалды ағайын мені осы позициям үшін сынап жатар, бірақ менің азаматтық таңдауым осындай!
Сонымен бірге, осы күндері наразылық акцияларына шығып жатқан азаматтарға қарсы күштеу әдістерінің қолдануына, оларды тұтқындауға қарсы өз наразылығымды білдіремін. Тұтқындағылар дереу бостандыққа шығарылсын!
PS. Сайлау барысында күні-түні ұйқысыз жүрдім. Шаршағаным бар. Жүрек пен жүйкеге біраз салмақ түссек керек. Кеше ауруханаға түсіп қалдым. Сол жақтан жазып отырмын.
Рhoto: currenttime.tv