Freedom Inside '26

"Қош болыңыз, батыр ағатай": Қаза тапқан полицейдің қарындасы жазба жариялады

"Қош болыңыз, батыр ағатай": Қаза тапқан полицейдің қарындасы жазба жариялады
kznews.kz коллажы

Алматы облысында өртенген күйі табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровке қатысты жаңа мәліметтер әлеуметтік желіде тарады. Сондай-ақ марқұмның жақындары оның видеосын жариялап, елді толқытқан оқиғаға қатысты жазба қалдырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін белгілі болғандай, Аслан Әлсеров Алматы қаласындағы Әуезов аудандық полиция бөлімінде қызмет еткен. Қайғылы жағдайға байланысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы досы күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасы бойынша, оқиға болған күні полиция қызметкері үйіне кеш келген. Кейін үй ішінде жанжал шығып, оның соңы төбелеске ұласқан болуы мүмкін. Алдын ала мәліметке сәйкес, жасөспірімдердің бірі ер адамды басынан ауыр затпен ұрған деген болжам бар.

Осыдан кейін күдіктілер ес-түссіз жатқан ер адамды көлікке салып, Алматы облысы Кеген ауданы бағытына алып кеткен болуы мүмкін. Тергеу мәліметінше, марқұмның денесі Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан тауға қарай шамамен жарты шақырым жерде табылған.

Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның қарындасы Ақерке Қалиақпарова Instagram парақшасында ағасын жоқтап, жүрек тебірентер жазба жариялады.

"Бәрімізді қорғап жүрген ардақты ағатай... Бұл қаралы хабарды қабылдау өте ауыр болды. Сіздей елге қорған болған, әрдайым халықтың тыныштығы үшін қызмет еткен азаматтың өмірден өтуі жүрекке қатты батты", – деп жазды ол.

Ақерке Қалиақпарова ағасының елге адал қызмет еткенін айтып, оның жарқын бейнесі жақындарының жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

"Қарындасыңыз ретінде сізге деген құрметім мен алғысым шексіз. Жылы жүзіңіз, қарапайым мінезіңіз, елге деген адал қызметіңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздің жарқын бейнеңіз әрдайым жүрегімізде сақталады. Жаныңыз жәннатта болсын, ағатай. Қош болыңыз, батыр ағатай", – деді ол.