Қорғаныс министрлігінде қандай қызмет түрлері ақылы болатыны белгілі болды

Қаракөз Амантай 11 қыр. 2025 16:26

Қорғаныс министрлігінде кей қызмет түрлері ақылы болмақ. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов мәлімдеді. Ол 2025 жылғы 4 қыркүйекте №1211 бұйрыққа қол қойды. Құжат 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №1027 бұйрыққа өзгерістер енгізуді қарастырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа тәртіпке сәйкес министрлікке қарасты мекемелердің ақылы қызметтерден түсетін табыс пен шығыс жоспарын қалыптастыру ережелері нақтыланды. Сондай-ақ ақылы қызметті дамытуға жауапты тұлғалардың жаңартылған тізімі бекітілді.

Жауапты лауазым иелері:

  • есеп пен деректердің толық әрі дұрыс болуын қамтамасыз етуі тиіс;
  • жоспарды уақытылы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаментіне ұсынуы керек;
  • уәкілетті органмен келісуді және өзгерістерді дер кезінде енгізуді қадағалауға міндетті.

Бұйрықтың орындалуын министрдің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары бақылайды.

Сонымен, Қорғаныс министрлігі ақылы қызмет көрсетудің 9 бағытын айқындады:

1. Спорт саласы:

дене шынықтыру-сауықтыру қызметтері, жарыстар өткізу, спорт жабдықтарын жалға беру, спортшыларды даярлау, медициналық оңалту, қонақүй және тамақтандыру, арнайы курстар (альпинизм, сүңгуірлік, атыс), фото/бейнетүсірілім, сувенир сату, көлік қызметі.

2. Білім және ғылым:

оқу-әдістемелік өнімдер, әскери оқу орындарының инфрақұрылымын жалға беру, даярлық курстары, ғылыми зерттеу, лицензия беру, әскери кафедра практикасынан өту, мүлікті жалға беру, магистратура мен докторантура бағдарламалары, ғылыми мақалалар жариялау.

3. Әскери медицина:

ТМККК және МӘМС аясындағы қызметтер, қосымша медициналық көмек, зертханалық зерттеулер, дезинфекция мен дератизация, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, семинар-конференциялар, дәрі-дәрмек сақтау және медициналық техника жөндеу.

4. Әуежай қызметтері:

ұшу-қону жолағын пайдалану, әуе кемесіне тұрақ, жүк өңдеу, авиациялық қауіпсіздік, жанар-жағармаймен қамту.

5. Авиация қызметтері:

әскери-көлік және армиялық авиациямен әуе тасымалын ұйымдастыру (жекеменшік ұйымдарға да).

6. Мәдениет:

фото/бейнетүсірілім, концерт, көрме, патриоттық іс-шаралар, музей қызметі, кәдесый сату, әскери оркестр өнер көрсетуі, қонақүй және мәдени-демалыс қызметтері.

7. Навигация және гидрография:

теңіз түбін зерттеу, картографиялау, навигациялық жабдық орнату, гидрографиялық сүйемелдеу, ауа райы мен теңіз деңгейі туралы жедел ақпарат, цифрлық және қағаз карталар дайындау, жағалау топографиясы, 3D карталар жасау.

8. Сүңгуірлік қызметтер:

сүңгуірлерді даярлау курстары, кеме корпустарын су астында тексеру және жөндеу.

9. Теңіз көлік тасымалы:

кемені сүйреу және жүкті теңіз арқылы жеткізу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар