Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов коммуналды қалдықтарды қайта өңдеп, кейін оны кәдеге жаратуды ұсынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министр коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді.
"Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді-мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді", - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеуді айтарлықтай арттырудың маңызын айтты.
"Осындай жобаларды іске асыру кезінде кәсіпорындарды экономикалық жағынан ынталандырудың тиімді тетіктері енгізілуі қажет. Оның үстіне, коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жобалары 15 жылға 3% жеңілдікті мөлшерлемемен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылатын болады", - деді премьер-министр.
Ал Экология министрлігі мәліметінше, 1 миллион тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, қайта өңделген.
"2023 жылы елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілген. Оның 1 млн тоннасы сұрыпталып, қайта өңделді. Қоқысты шығару қызметімен еліміздің 80%-ға жуық халқы тұратын қалалар мен ірі елді мекендер қамтамасыз етілген. Коммуналдық қалдықтардың морфологиялық құрамы шамамен 70% пайдалы фракциялардан тұрады, атап айтқанда 16% пластик, 11% макулатура, 9% шыны, 37% органикалық қалдықтар, 27% тағы басқалары", - деді экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.
Қалдықтарға қатысты жобаларды жеңілдетілген қаржыландыруға 200 млрд. теңге бөлінген.
"Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекітті. Оның ішінде қоқыс шығаратын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алу бар. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңге болады", - деді экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев.