ҚМДБ Құран сүресін рэп етіп оқыған блогерге қатысты мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 31 қаң. 2025 15:57 217

ҚМДБ Құран сүресін рэп етіп оқыған блогерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Әлеуметтік желіде күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті болған Құран Кәрімді өртеу оқиғасына қатысты бейне материал таралуда.

"Ең өкініштісі, бұл әрекет әлеуметтік желі қолданушылары үшін челлендж секілді ұсынылып отыр. Сондай-ақ отандық блогердің Құран аяттарын, нақты айтқанда «Мағун» сүресін әлдебір мерекелік кеште оқыған видеосы жарияланды. Контентті ұсынушылар «Блогер мас күйінде Құранды рэп қылып оқып, жұртты шошытты» деп жазды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шыққан әрекеттерге алаңдаушылық білдіреді және олардың ісін қатаң айыптайды, сонымен қатар азаматтарды бүлікшілердің арандатуына алданып қалмауға үндейді", делінген хабарламада. 

Еске салайық, әлеуметтік желіде "Жузефина" лақап атымен танымал блогер Жұлдыз Жауынбаева мерекелік кеште Құран сүресін рэп етіп оқып, оның видеосы желіде тарап кеткен болатын. Желі қолданушылары блогердің бұл әрекетін қатаң сынап, кейін блогер бұл әрекеті үшін барша мұсылманнан видео форматта кешірім сұрады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар