Қызылордалық қоғам белсендісін полиция алып кетті

Сағыныш Сардарова 07 нау. 2024 09:31 21948

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға "ханның қызы" деген тұрғын ұсталды. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жазды. Алайда тұрғын нақты қандай себеппен ұсталғаны әзірге белгісіз. Мән-жайды анықтау мақсатында Қызылорда облыстық Полиция департаментіне сұрау жолданды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желілерде тіпті ол ұсталған сәт көрінетін сурет те тарап кетті.

facebook.com/nursultan.baimenov

Желі қолданушысының бұл жазбасына қалалық Полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.  

"Бұл дерек бойынша Қызылорда облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізіп жатыр. Өзге де ақпараттар тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді", - деп жазылған жауапта. 

Бұл оқиғаға қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы да үн қатты. Оның сөзінше, өңір тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекова - бес бала өсіріп отырған жалғызбасты ана.
 
"Сандуғаш Тұрлыбекованы не үшін ұстаған? Жаңа кеш арасында үйіне полиция келіп тұрғанын тікелей эфирге шығарып еді. Біздің Сандуғаш Жаңақорған қаласындағы көп балалы аналардың админі болған. Мына тұрысына қарағанда оның үстінен қылмыстық іс қозғалған сияқты.
Сандуғаш - бес баласы бар жалғыз ілікті ана. Енді өз наразылығын әлеуметтік желіге шығарғаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарта береді ме? Алаяқтарды неге осылай ұстамайды екен?" - деп жазды ол.

Бірнеше лауазымды қызмет атқарған Гүлшара Әбдіқалықова 2022 жылғы 6 маусымынан бастап "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі бизнес-серіктесі қызметіне кіріскен. 

Ұсталды деген әйелге қатысты оқиға осыдан шамамен 4 жыл бұрын болды. Сол кезде Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіхалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған еді. Ал полицейлер әкім келеді деп жолды жауып, басқа көліктерді жүргізбей қойған.

Бұл жағдайға ашуланған қызылордалық тұрғын аудан аралап жүрген өңір басшысына барып "Жолды жабатын ханның қызысыз ба?" деп шүйлікті.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар