Қызылордада қайтарылған активтер есебінен 7 млрд теңгеге жаңа ауруханалар салынады

Жарбол Кентұлы 06 там. 2025 19:57

Қызылорда облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен елге қайтарылған активтердің қаражаты есебінен жаңа медициналық нысандардың құрылысы бастау алды. Әңгіме – аз қаржы емес, 7 млрд теңге туралы. Бұл қаражат Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы орталық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар тұрғызуға жұмсалады.

Қарапайым халық үшін ең бастысы – ауылдық жерде қолжетімсіз болып келген инсульт орталықтары мен рентгенхирургия бөлімшелері енді өздерінің ауданынан табылмақ. Заманауи аппараттар – магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография, ангиографиялық қондырғылар – кез келген мегаполистің емес, шалғай ауыл тұрғындарының игілігіне айналғалы тұр.

Мұндай жобалардың маңызы – тек ғимараттың салынуында емес. Ауыл мен қала арасындағы медициналық алшақтықты қысқарту, дер кезінде диагноз қою арқылы мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігінде. Статистикаға сүйенсек, 300 мыңнан астам тұрғын алдағы уақытта мамандандырылған көмекке қол жеткізеді. Бұл – «дәрігерге жету үшін қалаға бару» деген түсініктің біртіндеп жойыла бастағанының белгісі. Отандық медицинадағы теңсіздікті азайтуға бағытталған нақты қадам.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – қаржының қайдан келіп жатқанында. Заңсыз шетел асқан активтерді қайтарып, оны әлеуметтік нысандарға жұмсау – әділеттің орнауының бір көрінісі. Бұрын қара халыққа жетпей кеткен байлық енді халықтың өзіне қызмет ете бастады. Бұл қоғамға берілген үлкен сигнал: әділдіктің салмағы бар, заңсыз кеткен дүние түбі елге қайтады. Әрбір салынған аурухана – әділдіктің сәулесі, сенімнің белгісі.

Жоспар бойынша нысандар биылдың өзінде пайдалануға берілмек. Бұл – тек медициналық инфрақұрылым емес, ауылдағы өмір сапасының артуы, дәрігерлердің кәсіби деңгейін жаңа құралдармен шыңдау, жас мамандардың ауылда тұрақтап қалуына ықпал ету. Ұлт денсаулығының іргесі осылай қаланады. Халыққа жасалған әр игілік – мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Қарапайым ауыл тұрғынына қолжетімді болған медициналық көмек – қоғамдағы ең үлкен әлеуметтік әділеттіліктің өлшемі.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар