Қызылордада оқушыны сексуалдық құлдыққа тарту ісі бойынша тың мәлімет белгілі болды

Қаракөз Амантай 02 қаз. 2025 13:23

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қызылордада кәмелетке толмаған қызды сексуалдық құлдыққа тарту дерегіне байланысты қос қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол жақында өңірде болып, тергеу барысымен танысқанын айтты.

"Қазір жауап алу, беттестіру сияқты қажетті шаралар жасалып жатыр. Тергеу жан-жақты әрі мұқият жүргізілуде. Бұл істі министрлік жіті қадағалап отыр. Жәбірленушінің қызметін пайдаланғандарға қатысты құқықтық шешім қабылданады. Әзірге күдікті адамдар толық анықталмады. Кейбір тұлғалар куә ретінде жауап беріп жатыр, бірақ оларға қорғану құқығы берілген", – деді Әділов.

Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде полиция қызды зорлаған және оны жезөкшелікке мәжбүрлеген адамдарды тексеріп жатқанын мәлімдеген. Кейін белгілі болғандай, бұл фактілерге байланысты тағы екі қылмыстық іс қозғалды.

2024 жылдың тамызында жәбірленушінің анасы қызы сыныптастары мен олардың туыстары тарапынан қысым көргенін, есірткіге күштеп итермелегенін, ұрып-соғып, ақша бопсалағанын жария етті.

Сот процесі барысында бірнеше айыпталушы кінәлі деп танылды. Қызылорда қаласының соты оларды кәмелетке толмағанды азаптау, жезөкшелікке тарту және ақша бопсалау баптары бойынша айыптап, жаза тағайындады. Биыл маусымда облыстық сот апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмай, үкімді күшінде қалдырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар