"Қызыл тіл, суырып салма шешен": Депутат Базарбек министр Саясат Нұрбекті мақтай жөнелді

Сағыныш Сардарова 06 нау. 2024 11:48 1611

Депутат Бақытжан Базарбек Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті ерекше мадақтады. Бұл қызық жайт бүгін Парламенттің төменгі палатасының пленарлық отырысында болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістің жалпы отырысында баяндама жасады. Ал кейін депутаттар оған сұрақтар қоя бастады.

Сұрақ қойғандардың ішінде депутат Бақытжан Базарбек те болды. Ол алдымен Саясат Нұрбектің сөйлеу мәнерін мақтады.

"Шіркін біздің министрлеріміз сіз сияқты қызыл тіл, суырып салма шешен болса, барлық сұраққа жауап болар еді. Қазір сізді тыңдап отырмыз, әдемі өлең сияқты", - деді депутат.

Бұл мақтау залда отырғандарды күлкіге қарқ қылғанымен, министрдің өзі ешқандай эмоция көрсетпеген.

Айта кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбек құрылыс саласына қатысты Құрылыс кодексі заң жобасының таныстырылымында бұл іске жауапты органдарды ашық сынаған еді.

Депутаттың сөзінше, кодексте ешқандай жаңалық жоқ.

"Тимур Жиенбаевичке осы уақытқа дейін сынды айтып келдім. Алдымызда Құрылыс кодексі. Бұл 177 бет, 34 бөлім, 200 баптан тұрады. Министрліктің қосқаны 3-4 бөлім ғана. Қалғандары сәулет, қала құрылысы туралы заң, жеке тұрғын үй құрылысы туралы заң және үлестік қатысу. Бұл заң жобасында ешқандай жаңалық жоқ. Басқаша айтқанда, үш заңды қосып-қосып, бір заң ретінде кіргізе салған. "Күшейттік" дейді. ..."Жаңа заң" дейді. Ешқандай жаңа заң жоқ", - деді депутат.

Сонымен қатар, депутат Алматыда көшкінде қаза тапқан отбасын еске алып, бұл мәселеге қатысты да ешқандай өзгеріс жоғын ашық айтты. Оның сөзінше, бұл жерлер қоғамдық орынға жатады. Бақытжан Базарбек түптеп келгенде 2000-жылдары құрылыс салушылардың мүддесін қорғаған заң сол күйінде қалғанын айтты. 

"Құрылыс кодексі жаңа деп бос үмітке сенбеңіздер! Бұл жерде жаңа ештеңе де жоқ. ...Мына кодексті 10-сыныптың оқушысы жаза алады. 1-курстың студентін айтпағанда. Бұл - реферат, курстық жұмыс. Оны бізге Құрылыс кодексі ретінде әкеліп отыр. Бұл - бар болғаны 200 беттік ақ қағаз. ...Стилистикалық, грамматикалық, орфографиялық қателерді айтпай-ақ қояйын. 3-курстың студенті мұндай қате жібермейді", - дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар