ҚазҰУ Петербор университетімен меморандумға қол қойды

Dalanews 24 сәу. 2023 11:26 355

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Петербор мемлекеттік экономикалық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Петербор мемлекеттік университетінің ректоры Игорь Максимцевпен ресми кездесіп, алдағы уақытта атқарылатын ортақ жұмыстар мен ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Өз сөзінде Игорь Максимцев Ресейдің RAEX-100 үздік жоғары оқу орындарының рейтингінде 37-орынды иеленетін Петербор университетінің жетістіктеріне тоқталды. Университетте 12 факультет, 32 ғылыми мектеп, 11 диссертациялық кеңес, 8 ғылыми-зерттеу орталығы, 10 зертхана жұмыс істейді. ЖОО Ресей Білім және ғылым министрлігі жанындағы ЖАК тізіміне енгізілген жеті ғылыми рецензияланған журналдың құрылтайшысы болып табылады.

ҚазҰУ басшысы өз сөзінде ресейлік әріптестерді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылымды дамыту бағытында іске асырылып отырған жобалармен таныстырды. Ректор Ресейдің жоғары оқу орындарымен ғылым және жоғары білім саласындағы ҚазҰУ-дың ынтымақтастығы артып келе жатқанын атап өтіп, Петербор университетімен әріптестікті нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Жүздесу соңында академиялық ұтқырлық бағдарламалары, қос диплом және ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар