Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұшқышсыз авиацияны дамытуға арналған инновациялық орталық ашылды, деп хабарлайды Dala News.
Жаңа орталық ҚазҰУ мен «Aerial Solutions» компаниясының бірлескен жобасы аясында іске қосылды. Мұнда отандық дрон үлгілерін әзірлеу, оқу-өндірістік зертханалар құру, сынақ полигонын іске қосу, сондай-ақ дуалды білім беру мен сертификаттау бағдарламаларын енгізу жоспарланған.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бұл бастаманың елдің технологиялық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту бәсекеге қабілеттілігіміздің негізгі шарты екенін айтқан еді. Бұл орталық заманауи дрондар жасап, құрастыратын, білікті мамандар даярлайтын маңызды алаңға айналады. Мұнда жасалған технологиялар экономиканың түрлі саласында тиімді қолданылатын болады»,- деді ол.

Қорғаныс министрлігі өкілдері де жаңа орталықтың елдің әуе кеңістігін дамытуға және қауіпсіздік саласына үлес қосатынына сенім білдірді.
Жоба Қазақстанның азаматтық ұшқышсыз авиация саласын дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға және отандық технологияларды жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.