ҚазҰУ-ды трансформациялау бағдарламасы талқыланды

Dalanews 18 там. 2022 17:15 944

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңес отырысында ЖОО-ны зерттеу университетіне трансформациялау бағдарламасы талқыланып, жүзеге асыру бойынша нақты шаралар ұсынылды.

Отырысты ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев ұжым алдында тұрған стратегиялық міндеттерге тоқталды. «Жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр. Негізгі міндеттерді шешуге және ұзақ мерзімді мақсаттарды жаңартуға басты назар аудару қажет. Бүгінгі басқосудың тақырыбы осы болмақ», – деді ЖОО басшысы.

Алдымен ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Байдәулет Ұрмашев Ғылыми кеңес қатысушыларының назарына факультеттің даму стратегиясын жүзеге асыру жоспарын таныстырды. Онда ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына университеттік ғылымның үлесін арттыру, ғылыми қызмет пен білім беру процесін интеграциялау мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ спикер жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде осы мақсаттарға қол жеткізу үшін нақты шараларды белгіледі. Олардың негізгілері: университет ОПҚ және нақты сектор мен бизнес өкілдерімен бірлесіп оқытуды жүзеге асыратын білім беру бағдарламаларының үлесін арттыру; ҚР ғылыми-зерттеу ұйымдарымен біріккен ғылыми жобаларды іске асыру; IT саласында және аралас салаларда ілгері ҒЗЖ жүргізу және тағы басқа.

Зерттеу университетінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – жоғары оқу орнының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін корпоративтік басқару моделін құру. Бұл тақырып бойынша ҚазҰУ-дың басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректоры Әсел Уәлиева баяндама жасады. Ол аталған мақсаттарды іске асыру үшін бірқатар шараларды қолға алу қажет екенін атап өтті. Оның ішінде корпоративтік басқару жүйесіне тартылған, университет базасында және бөгде ұйымдарда кәсіби даму курстарынан өткен, цифрлық құжат айналымын пайдаланатын ОПҚ, білім алушылар мен қызметкерлер үлесін арттыру және шетелде университет филиалдарын ашу атап айтылды.


Сондай-ақ шаралар кешеніне университетте академиялық еркіндікті дамыту және институционалдық дербестік, академиялық еркіндік және қазіргі заманғы басқару құрылымы қағидаттарына интеграциялану үшін кеңестер құру кіреді. Университеттің ОПҚ, студенттері мен қызметкерлерін стратегиялық және операциялық даму мәселелерін шешуге тарту, сондай-ақ инфрақұрылымды цифрлық трансформациялау және жаңғырту маңыздылығына да назар аударылды.

Жиын барысында 2022/23 оқу жылында бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы Жанна Қалматаева баяндама жасады. Ол факультет ұжымының алдында тұрған негізгі мақсаттарды айта келе, жетекші әлемдік бейіндегі жоғары оқу орындарымен әріптестікке қол жеткізу, ҚР-дағы және халықаралық деңгейде медициналық білім берудің үздік жоғары оқу орындарымен қосдипломды бағдарлама дайындап, медициналық білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы рейтингтің озық ұстанымдарының бестігіне кіру туралы алға қойған міндеттерді тілге тиек етті.

Бұдан әрі университеттің барлық факультет декандары алдағы жаңа оқу жылына арналған даму жоспарларын алға тартты.

Жиынға қатысушылар баяндамаларды белсене талқылап, білім ордасының 2022/23 оқу жылына арналған зерттеу университетіне трансформациялау бағдарламасын іске асыру бойынша ұсыныстарын енгізді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар