ҚазҰУ-де мерейтойлық жылдың салтанатты ашылуы өтті

Dalanews 16 қаң. 2024 05:08 1497

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында білім ордасының 90 жылдығына орай, мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты өтті.

Мерейтойлық жиынға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет ардагерлері мен түлектері, оқытушылар, білім алушы жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Құрметті қонақтар үшін университет тарихына арналған сирек фотосуреттер мен кітаптардың, ардагер оқытушылар портреттерінің көрмелері, сондай-ақ университеттің 90 жылдығына арналған ғылыми еңбектер мен тарихи кітаптардың экспозициясы ұсынылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихы мен қызметі туралы деректі фильм көрсетілді.

Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазҰУ ұжымын бейнеүндеу арқылы құттықтады.

«Бүгін отандық ғылым мен жоғары білім саласында айтулы мереке. Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ бүгінде заман сұранысына жауап бере алатын, біліктілігі мен білімі, тәжірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Әлемнің екінші ұстазының есімін иеленген қара шаңырақ ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі нәтижелі жұмыс пен іргелі белестер  университет ұжымының табанды еңбегінің арқасы деп бағамдаймын. ҚазҰУ-дың 90 жылдық торқалы тойы 100 жылдық тұғыры биік ғасыр тойына ұлассын», – деп атап өтті министр.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев шараға келген қонақтарды, барша ұжымды университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Бұл мерейлі белеске университет үлкен табыстармен жетті. ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 230-орында. QS Asia университеттері рейтингі бойынша 29-шы сатыда. 90 жылдық тарихы бар университетте 3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Оның ішінде 11 ҚР ҰҒА  академигі, ҚР Жоғары мектебінің үш академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының ­ сегіз академигі, жеті ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді. Биыл 32 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

«Кез келген университет мәртебесі оқытушы ғалымдардың еңбегімен, түлектерінің сапасымен өлшенеді. ҚазҰУ түлектерінің арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, қаламгерлер, кәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар жеткілікті. ҚазҰУ-да жылдар бойы қалыптасқан белгілі қайраткер тұлғалардың, мықты оқытушы-профессорларымыздың ғылыми мектептері қалыптасқан. Университет осы ғылыми мектептерді ары қарай жалғастырып, жаңа бағытта дамыта беретін болады. Қазір 25 мыңнан астам студентіміз бар. Студенттеріміз АҚШ, Еуропа, Азияның озық университеттерінде білімін жетілдіруде. ҚазҰУ әлемнің 650-ден астам жоғары оқу орындары және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді.            2023 жылы Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің  филиалын ашу туралы келісілді. Филиал 12 қазанда ашылды», – деп атап өтті ректор.

ҚазҰУ  2022 жылы «зерттеу университеті» мәртебесін алғаннан кейін ғылымға басымдық бере бастады. Соңғы үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге жуық өсті. Қазіргі таңда 8,5 миллиард теңгенің гранттық жобалары орындалуда.  2023 жылы ҚазҰУ ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды.

2024-2027 жылдар аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі салынады. Әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысы жүруде.  Бұдан бөлек, оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк жоспарланған. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай, ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарлануда. Бұл жобаны ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп іске асырады. Робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсететін орталық 2024 жылдың екінші тоқсанында ашылады. Бұдан бөлек, ҚазҰУ-да Қытай үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 1800 (1800 Тфп) жүзеге асыратын суперкомпьютерге қаражат ҚХР үкіметі есебінен бөлініп, ҚазҰУ-да орнатылады.  Бүгін мерейтойға орай, химия және химиялық технология факультеті жанынан гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығы ашылды.

Мерейтойлық жыл аясында QS рейтингі өкілдерінің, әлемдік сарапшы-ғалымдардың қатысуымен ауқымды шаралар өткізу көзделуде. Тарихи-танымдық кітаптар жарыққа шығарылады.

Ашылу салтанатында сондай-ақ ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки сөз сөйлеп, университет мерейтойының тарихи маңыздылығын атап өтті.

Салтанатты жиын барысында профессор Мәдина Төлегенова «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», профессор Сәуле Жусанбаева «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың бес оқытушысына Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Іс-шарада  ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың құттықтау хаты оқылып, сахнаға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми шақырылды. Ол ҚазҰУ оқытушылары мен профессорларына төрт «Еңбек ардагері» медалін және бес «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыстады.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев профессор Ержан Жатқанбаевқа «Әл-Фараби» үлкен алтын медалін табыс етті. Күміс медальмен профессорлар: Григорий Мун, Зухра Исмағамбетова, Айгүл Рамазан марапатталды. Сондай-ақ ректор 15 оқытушыға ҚазҰУ-дың  «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.

 

  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар