ҚазҰУ «Алаш арыстарын» Бакуде ұлықталды

Dalanews 26 жел. 2018 10:09 987

«Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы түркі халықтарының рухани жаңғыру қажеттілігін алға тартты. Ол түркі халықтарының жарқын есімдерінің мұрасын сақтап, болашақ ұрпаққа қалдыру үшін Түркі кеңесіне «Түркі әлемінің 100 айтулы тұлғасы» жобасын жүзеге асыруды ұсынды.

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасын қолдау мақсатында Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында «Алаш арыстыры» кітабы мен Гусейн Джавидтің қазақ және әзірбайжан тілдеріндегі өлеңдер жинағының тұсаукесері болып өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары – Әзірбайжандағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов өз сөзінде Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі халықтарының адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесіне үлкен назар аударылғанын атап өтті. Гусейн Джавид – әлем әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан тамаша сөз шебері және Әзірбайжанның көрнекті ақыны. Ол шығармаларында бүкіл түркі әлемінің рухани тұтастығын жырлаған.

«Алаш-Орда» тарихын зерттей отырып, әзірбайжандықтар қазақтардың тарихын тереңірек түсіне алады, ал Гусейн Джавидтің шығармашылығымен танысу қазақ және әзірбайжан халықтарының рухани жақындасуына сөзсіз үлес қосатынына сенімдімін», – деп атап өтті өз сөзінде Ғалым Мұтанов.

Кездесу соңында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Иса Хабибейли ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар 1926 жылы өткен Бүкілодақтық түркі конгресінің материалдарын қайта басып шығаруға, сондай-ақ түркі халықтарының тарихы, лингвистикасы, мәдениеті мен әдебиеті туралы ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға келісті.

Әзірбайжанның «» атты Ұлттық қорының президенті Эльдар Исмаилов ҚазҰУ ректорын ғылым мен білім саласындағы жетістіктерінің мойындалғанының белгісі ретінде және де достас елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Qızıl yürәk» («Алтын жүрек») орденімен марапаттады.

Жоғары марапатты ұсына отырып, ол Ғалым Мұтановтың белгілі ғалым және жоғары білім саласында ұйымдастырушы ретінде танымал екенін, сондай-ақ оның басшылығымен Қазақстанның жетекші университеті – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түркі әлеміндегі ең үздік университет атағына ие болып, халықаралық деңгейде елеулі жетістіктерге қол жеткізуде екендігін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар