"ҚазТрансОйл" компаниясы наурыз айында Германияға 210 мың тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры арқылы 138 мың тонна, ал Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы 474 мың тонна мұнай жеткізу көзделген, деп хабарлайды Dalanews.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Компанияның мұнай тасымалдау департаментінің директоры Исламдаут Акубаевтың айтуынша, наурызда "ҚазТрансОйл" Теңіз кен орнынан Батумі арқылы тағы 94 мың тонна мұнай жөнелтуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, "Теңізшевройл" компаниясы Усть-Луга бағытымен қосымша 100 мың тонна мұнай экспорттайды.
18 қаңтарда Теңіз кен орнында болған өртке байланысты өндіріс уақытша тоқтап, экспорт көлеміне әсер еткен. Нәтижесінде Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты бойынша жоспарланған 100,5 млн тоннаның орнына 96–98 млн тонна деңгейінде шектеу қалыптасқан.
Соған қарамастан, "ҚазТрансОйл" мәліметінше, Теңізден мұнай қабылдау және жеткізу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.
"Мұнай жүйеге белгіленген кесте бойынша қабылданып жатыр, бәрі штаттық режимде. Жеткізу де қалыпты жағдайда", - деді Акубаев.
Германияға "Дружба" құбыры арқылы, Түркияның Джейхан портына БТД бағытымен, сондай-ақ Қытайға жеткізу маршруттары Қазақстанға ресейлік порттарды айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттар Батыс санкцияларына байланысты тиімділігі төмендеген ресейлік порттарға тәуелділікті азайтады.
Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей Қытайға ресейлік мұнай транзитін арттыру мәселесін талқылап жатыр. Қазіргі 10 млн тонна көлемін жылына 12,5 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазақстан 2025 жылы мұнай мен газ конденсатын экспорттауды 2024 жылмен салыстырғанда 12 пайызға арттырып, 78,7 млн тоннаға жеткізді.
"ҚазТрансОйл" – Қазақстандағы ең ірі мұнай тасымалдаушы компания. Ол ұзындығы 5 200 шақырымнан асатын магистральдық құбыр желісіне иелік етеді және елде өндірілетін мұнайдың шамамен 60 пайызын ішкі нарыққа және экспортқа тасымалдайды.
Компания "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы арқылы мемлекетке тиесілі.
