"Қазтеміртранс" АҚ-ның лауазымды тұлғалары пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, "Қазтеміртранс" АҚ филиалдарының 4 басшысына және 16 кәсіпкерге қатысты үкім шығарылды.
"2019-2022 жылдары аталған филиалдардың директорлары жүк тасымалдау үшін қажетті вагондардың тапшылығы кезінде жүк жөнелтушілерден вагондарды кедергісіз өткізіп және жалпы қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде пара алған. Іс бойынша пара алудың 18 фактісі анықталды", - дейді ведомство.
Алынған паралардың жалпы сомасы:
сотталушы С. 13 млн 225 мың теңге,
сотталушы А. 3 млн 480 мың теңге,
сотталушы К. 19 млн 710 мың теңге алған.
Кәсіпкер Р. жалпы сомасы 9 млн 879 мың теңге ірі мөлшерде пара берген. Сот шешімімен үш айыпты 7 жыл мерізімге бас бостандығынан және өмірбойы лауазымды қызмет істеу құқығынан айырылды. Бір сотталушы қайтыс болғандықтан, оған үкім шығарылған жоқ. Ал пара берген кәсіпкерге 49 млн 395 мың теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза кесілді.
"Пара беруші шағын және орта бизнестің 15 өкілі қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сот олардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды "Қазтеміртранс" АҚ-ның лауазымды тұлғаларына тәуелді болғандықтан жасағанын, сондай-ақ кінәсін мойындап, жасаған істеріне шын жүректен өкінгенін, қылмысты ашуға және тергеуге көмектескенін ескерді", - дейді сот.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.