Алматы қаласының Алмалы аудандық соты «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас директоры Асет Матаевқа, бас редакторы Әмір Қасеновқа және Жанна Қапароваға қатысты үкім шығарды. Іс Freedom Finance брокерлік компаниясы туралы жарияланған материалдарға байланысты қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот Асет Матаевты қызметтік міндеттеріне адал қарамады және бұзақылық жасады деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Әмір Қасенов көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Амнистия туралы заң қолданылғаннан кейін оған 1 жыл 3 ай бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Сонымен қатар, 5 жыл бойы журналистика саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Жанна Қапарова да кінәлі деп танылды. Алайда амнистияға байланысты оған тағайындалған жаза мерзімі нөлге дейін қысқартылды. Үкімді судья Ернар Қасымбеков жариялады.
Сот үкіміне сәйкес, сотталғандардан Freedom Finance компаниясының пайдасына 165,4 млн теңге көлемінде материалдық шығын ортақ тәртіппен өндірілетін болды. Бұдан бөлек, өкілдік ету шығындары мен мемлекеттік бажды төлеу міндеттелді.
Сондай-ақ сот Асет Матаев пен Әмір Қасеновке бұған дейін жарияланған материалдарды алып тастау туралы сот шешімін орындамаған жағдайда заңда көзделген жауапкершілік бар екенін түсіндірді.