Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин және «Самұрық Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова Шортандыға арнайы барып, «Salem, Mobile!» қызметінің таныстырылымын өткізді.
«Salem, Mobile!» терминалы неге ең алдымен Шортанды ауданында орнатылды десек, оған осы жүйенің іске асырылғалы жатқанын естіген Ақмола облысы әкімдігінің сұранысы себеп болған. Ақпарат және коммуникация министрінің айтуынша, осындай қарапайым әрі қолжетімді терминалдармен 2020 жылға дейін ауылдардың 80 пайызы қамтылмақ.«Salem, Mobile!» арқылы дүкеннен керегіңізді алу үшін қолыңызда қарапайым телефон ғана болса жеткілікті. Қалтаңызда қолма-қол ақшаның болуы міндетті емес. Тек картаңызды бір рет «Post.kz» жүйесіне тіркеп алуыңыз керек. Керек-жарақ сатып алатын кез келген дүкенде сол жердегі поштаның және сауда орнының арнайы коды болады. Соны теріп, алатын затыңыздың бағасын «sms» арқылы жіберіп, өз қажетіңізге жарата бересіз.Демек, ауылдағы ағайын енді банкомат іздеп сабылмайды. Карточкасынан телефон арқылы жасалған төлемнен комиссия да ұсталмайды.
Жалпы, елдегі пошта қызметін ұсынып отырған ұлттық оператор – «Қазпоштаның» бұдан өзге ауыл тұрғындарына ұсынып отырған қызметі «postmarket.kz» сауда алаңы. Бұл ет, сүт және басқа шаруашылық өнімдерінің қалаға тасып, сауда жасайтын ауыл адамдары үшін таптырмас сауда алаңы. Себебі осы онлайн сауда алаңына әр ауыл тұрғыны қалаға сатпақ болған затын шығарып, оны қалалықтарға сата алады. Сол арқылы жол шығындарын, уақытын үнемдейді. Ал қалалықтар таза табиғи өнім алады.
Сәлемдемелер супермаркетіннің тиімділігі сол, басқа мемлекеттен, қаладан келген кәдесыйлары бұрынғыдай жабық бөлмеге жиналмай, арнайы сөрелерге қойылады. Тұрғындар өз нөмірлері арқылы келген затын таңдап алады. Сәлемдеме жөнелту керек болса да бәрін өзі қорапқа салып, орап, жазуын толтырады. Бір қызметкерге қарап отырмайды. Уақыт та үнемделеді. «Қазпошта» қызметі дамып келеді
Дәурен Абаев ауыл тұрғындарына осындай заманауи коммуникациялық қызметтерді ұсыну –жаңа министрлік жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтты. Расында да, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жалғыз акционері «Қазпошта» АҚ өзінің 50 бөлімшесіне шалғайдағы ауыл тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін «Интернетке қолжетімділік орындарын» орналастырған. Ол тұрғындардың ғаламторды тегін пайдалануына, өзге ауылдағы туысқандарымен Skype арқылы байланысқа шығуына мүмкіндік береді. Аталған мекеме алдағы уақытта екінші деңгейлі банктерден ауыл халқына несие алып беру мәселесін де шешпек. Яғни қаржылық қызмет түрлерінің супермаркетін жасауға тырысуда. Сөйткен жағдайда, азаматтар тек «Қазпошта» кеңселеріне келу арқылы-ақ түрлі банктердің қызметін тұтынуға мүмкіндік алады. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Қазпоштаға» 12 миллиард теңге бөлген.
Қорыта келгенде, ауылға хат-хабар, сәлемдемеден бастап, газет-журнал, зейнатқы, жәрдемақыға дейін жеткізіп беріп отырған жалғыз ұлттық компания Қазпошта екенін ескерсек, компанияның Үкіметтің жаңа технологияларын ауылға жеткізудегі негізгі серіктесі екені сөзсіз. Өйткені пошта қызметін халықтың 70 пайызы тұтынып отыр.
Бұл орайда министр Дәурен Абаев: «Әрине, ең алдымен технологиялық прогресс жетістіктерін ауылдық жерлерге енгізу туралы сөз қозғалады. Бүгін таныстырылып отырған әлеуметтік жобалар соның куәсі. Жалпы, бұл жаңашылдықтардың барлығы ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқартуға арналған. Біз қалалықтарға қаншалықты көп қызмет түрін ұсынсақ, ол ауылдық елді мекендерге де таралуға тиіс» деді. Ал «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин болса: «Біз қызмет түрлерін одан әрі жетілдірдік. Енді ауыл тұрғындары темір жол билетін сатып алу үшін де алдын ала алыстағы аудан орталығына барып әуреленбейді. Билетті өз ауылында отырып, «Қазпоштаның» ыңғайлы форматын қолдану арқылы сатып алуына мүмкіндік бар. Осы жаңа қызметті пайдаланып, соңғы 3 ай ішінде ауылдық жерлердегі 380 бөлімшеден 30 мыңнан астам адам билет сатып алды. Енді жыл соңында мұндай бөлімшелерді мыңға дейін жеткізбекпіз. Сондай-ақ биылғы 3-тоқсанның соңына дейін әуе билеттерін сату жобасын енгізуді жоспарлап отырмыз.«Қазпоштаның» оқыту орталығын ашып, мамандарымыздың қабілеттілігін арттыру үшін де арнайы жұмыс жасаудамыз. Және бір қашықтықтан оқытатын жүйе бар. Сол арқылы жаңа қызметтерді қалай енгізу керектігін үйретудеміз. Өйткені шалғай ауылдардың өзінде 2 мыңдай бөлімшеміз бар» деп атқарылып жатқан жұмыстар жөнінен хабардар етті.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ
Дереккөзі: kazgazeta.kz