«ҚазМұнайГаздың» топ-менеджерлері қанша жалақы алып жүр

Көркем Алдабергенова 02 мам. 2025 17:07 382

2024 жылы ұлттық компания «ҚазМұнайГаздың» директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне төленген жалпы сыйақы сомасы 705 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның ресми есебіне сәйкес, директорлар кеңесінің мүшелері өткен жылы 207,2 миллион теңге көлемінде табыс тапқан. Бұл сома толығымен теңгемен төленген, доллармен ешқандай төлем жүргізілмеген. Салыстыра кетсек, 2023 жылы кеңес мүшелері 97,2 млн теңге және 196,3 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған.

ҚазМұнайГаздың директорлар кеңесіне Ернат Бердіғұлов, Ұзақбай Қарабалин, Елжас Отыншиев («Самұрық-Қазына» өкілдері), сондай-ақ Асхат Хасенов, Асқар Шәкіров, Сая Мыншарипова, Арман Арғынғазин, Арманбай Жұбаев және Ұлыбритания азаматы Филип Малкольм Холланд кіреді.

Ал 2024 жылы басқарма мүшелеріне төленген жалақы мен бонус көлемі, салық және зейнетақы аударымдарын қоса есептегенде, 497 миллион 815 мың теңгені құраған. Басқарма төрағасы — Асхат Хасенов, басқарма құрамында жалпы сегіз адам бар.

2023 жылмен салыстырғанда басқарма мүшелерінің жалпы табысы 28%-ға артқан, ал директорлар кеңесінің сыйақысы 10,9%-ға көбейген (есептеу кезінде 2023 жылғы орташа доллар бағамы – 456,31 теңге алынған). Жалпы есеппен алғанда, әрбір директор айына орта есеппен 1,9 миллион теңге, ал басқарма мүшелері 5,1 миллион теңгеден астам табыс тапқан (бұл — шамамен алынған, жуық мәндер).

Айта кетейік, наурыз айында «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2024 жылы түсімінің 10 миллиард теңгеге артқанын, ал таза пайдасы 18,1%-ға өсіп, 2,3 миллиард АҚШ долларына жеткенін хабарлаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар