Қазірдің өзінде 26 мың жұмыс орны құрылды

Dalanews 15 мам. 2020 04:29 681

2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 3 096 жобаны жүзеге асыру басталып, олардың ауқымында 26,3 мың жұмыс орны құрылды.

Жол картасы аясында жергілікті атқарушы орындар 6 506 жобаны іске асыруды ұсынып отыр. Оның ішінде 2 410 жоба республикалық бюджет есебінен қолға алынуда. Жұмыспен қамтудың жол картасы инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді.

Біріншісі, әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта құрылымдау және салу (2 703 жоба), екінші тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта құрылымдау (1 039 жоба), үшінші инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта құрылымдау және салу (1 799 жоба) және төртінші бағытта елдімекендерді абаттандыру (965 жоба).


Жол картасының инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылады. Жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынып, басымдық жұмыссыз жүрген жастарға берілетін болады. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.

13 мамырдағы жағдай бойынша бірқатар өңірде 3 096 жоба тұрғысында жұмыс басталып, 26,3 мың жұмыс орны құрылып, 11,8 мыңы адамды жұмыспен қамту орталықтары тартқан.

Жалпы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жаңа жоба болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бүгінде 80 жаңа білім беру нысанының құрылысы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешуге, ауылдық жерлерде білім беру орындарына қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ 7 мыңға жуық мұғалімді тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділікті арттырады, сондай-ақ шамамен 1 мың медицина қызметкерін жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 36 мәдениет және спорт нысанының құрылысы бұқаралық спортты дамытуға оң әсер етіп, жастар үшін бос уақыт мәселесін шешуге және 1,6 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, су шаруашылығының 12 жаңа нысанын салу және қолданыстағыларын жаңғырту халық үшін ауыз судың қолжетімділігін арттырады, суармалы жерлердің көлемін кеңейтуге, пайдаланылмайтын жерлерді айналымға тартуға, аралас салаларда 77 мың адамды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың 247 жаңа нысанын салу және қолданыстағыларын жаңғырту тұрғын үй құрылысы үшін жағдай жасайды, ауыл тұрғындары үшін коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, коммуналдық желінің тозуын төмендетеді. Елдімекендерді абаттандыру олардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіз және жайлы демалысы үшін жағдай жасайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар