Қазақстанның халық әртісі Бақир Баяхунов дүниеден өтті

Қазақстанның халық әртісі Бақир Баяхунов дүниеден өтті
Бақир Баяхунов. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор Бақир Баяхунов қайтыс болды. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады dalanews.kz.

Ведомство марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтты.

Бақир Яхияұлы саналы ғұмырын музыка өнеріне арнап, Қазақстандағы композиторлық мектептің дамуына елеулі үлес қосқан.

"Қазақтың музыкалық мұрасын, Шығыс халықтарының әуен-сазын еуропалық академиялық музыка дәстүрімен шебер ұштастырған туындылары еліміздің рухани қазынасын байытты", – делінген министрліктің көңіл айтуында.

Бақир Баяхунов шығармашылықпен қатар ұстаздық қызметпен де ұзақ жылдар айналысты. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 40 жылдан астам еңбек етіп, бірнеше буын кәсіби музыкант тәрбиелеген.

Министрлік композитордың шәкірттеріне тек кәсіби білім беріп қана қоймай, шығармашылық жолда бағыт-бағдар көрсеткенін атап өтті.

"Бақир Яхияұлының бай шығармашылық мұрасы, ұстаздық өнегесі мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады", – делінген хабарламада.

Бақир Баяхуновтың қазақ музыка өнеріне қалдырған шығармашылық мұрасы мен педагогикалық еңбегі ұлттық мәдениет тарихында өзіндік орны бар құндылық ретінде сақталады.