Қазақстанның екі компаниясы ауыл шаруашылығы жерлерін иеленетін әлемдегі ең ірі компаниялардың қатарына кірді. Geostatistica дерегіне сәйкес, "Олжа Агро" және "Қазақстанның астық консорциумы" жаһандық рейтингтің алғашқы ондығына жайғасқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Рейтингте "Олжа Агро" компаниясы 960 мың гектар ауыл шаруашылығы жерімен бесінші орынға ие болды. Ал 910 мың гектар жері бар "Қазақстанның астық консорциумы" сегізінші орынға шықты.
"Олжа Агро" – Қазақстандағы ірі ауыл шаруашылығы компанияларының бірі. Ол астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. "Қазақстанның астық консорциумы" да еліміздің аграрлық саласындағы ірі компаниялардың қатарына жатады.
Рейтингте бірінші орынды ресейлік "Мираторг" иеленген. Компанияның қарамағында 1,38 млн гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Одан кейін 1,30 млн гектар жері бар бразилиялық Raízen және 1,23 млн гектар жері бар ресейлік "Агрокомплекс" орналасқан. Төртінші орында АҚШ-тың Stan Kroenke компаниясы тұр. Оның иелігіндегі жер көлемі – 1,09 млн гектар.
Қазақстандық "Олжа Агродан" кейін алтыншы орынға 940 мың гектар жері бар ресейлік "Продимекс" жайғасқан. Жетінші орында 920 мың гектармен Аргентинаның Compañía de Tierras del Sud Argentino компаниясы тұр. Ал сегізінші орындағы "Қазақстанның астық консорциумынан" кейін ресейлік "Русагро" - 820 мың гектар және бразилиялық SLC Agrícola – 684 мың гектар жермен алғашқы ондықты түйіндейді.
Geostatistica мәліметінше, 2025 жылы осы он компанияның иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 10,24 млн гектар болған. Оның 1,87 млн гектары Қазақстанның екі компаниясына тиесілі.