Қазақстанның күштік құрылымдарын басқаратын тұлғалардың басым көпшілігі ресейшіл. Ресейдің әскери мектептерінде тәлім алған олар "орыс әлемінен" өзгені мойындамайды.
Бұл туралы ҰҚК-ның төрағасы Әлнұр Мұсаев британдық BBC агенттігіне берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресейдің Қазақстанға басып кіру мүмкіндігіне болжам жасаған Мұсаев Украинамен соғыста әбден қалжыраған Кремльдің мұндай қадамға барарына күмәнмен қарайды.
"Украина осы күнге дейін пісіп-жетіліп, кемеліне келген Ресей агрессиясын бір өзі қабылдап алды. Путиннің шапқыншылығы тығырыққа тіреліп, шарасыздыққа ұласып жатыр. Кремльдің Қазақстанға басып кірерлік құлқы да, қауқары да жоқ. Иә, еліміздің теріскейіне көз алартқан қауіпті мәлімдемелер Қазақстан тәуелсіздік алғалы толастаған емес. Десе де, Мәскеу бұдан арыға бармайды. Жар дегендегі жалғыз одақтасынан айырылғанды қаламайды", – дейді Мұсаев.
Оның пікірінше қазақстандықтар украин халқы секілді саяси белсенді емес, Кремльмен арадағы түрлі келіспеушіліктерге көбіне-көп селқос қарайды. Ел ішінде Ресейді жау санайтын ұлтшыл көзқарастағы аудиторияны соншалықты ауқымды деуге тағы келмейді.
Ең қауіптісі – Қазақстанның күштік құрылымдарында, соның ішінде Ішкі істер саласы, ҰКҚ, Қорғаныс министрлігінде Мәскеуді ғана мойындайтын, Ресейдің айтқанын екі етпейтін тұлғалар отыр.
"Өкінішке орай, қолдан келер қайран жоқ. Әскери құрылымдардың басшы-қосшылары басынан бақайына дейін ресейшіл, мәскеушіл. Алысқа бармай-ақ, Қорғаныс министрін мысалға алайық. Ол ұзақ уақыт Ресейде оқыды, ресейшіл екенін жасырмайды. Қазақстанның күштік құрылымдары Кремльдің ығына жығылуға және Мәскеудің сойылын соғуға бейілді, бұған Тоқаевтың соңғы мәлімдемесі де кедергі келтіре алған жоқ", – дейді Мұсаев.
Бұдан бөлек Ресей Еуразиялық одаққа біріккен елдерді түрлі мемлекетаралық қауіпсіздік ұйымдарына кіргізіп, жіпсіз байлап тастаған. Ішкі істер министрлері мен Қорғаныс министрлерінің кеңесі деп аталатын аты да, заты да түсініксіз құрылымдар шын мәнінде қауіпсіздік саласындағы Ресейдің ықпалын кеңейте түсуді көздейді. Бұлардың бұдан өзге мұраты жоқ.
Совет өкіметінің шекпенінен шыққан елдерді алысқа ұзатпай, уысында ұстау арқылы оларды Батыс әлемінен оқшаулауды мақсат тұтады.
Сөй деген Мұсаев түнеукүнгі Петербор форумында Ресейдің көзқарасына қайшы келетін мәлімдеме жасаған Тоқаевтың сөзіне сезікпен қарайтынын айтыпты.
"Меніңше, бұл алдын-ала дайындалған дүние. Тоқаев Путинге қарайлап отырды. Жүзінде "дұрыс айттым ба?" деген сауал тұрғандай сезілді. Мен бұған толық сенімді емеспін, десе де сондай күдігім бар.
Анығы, Ақорда Кремльге ашық түрде қарсы келе алмайды.
Иә, Украинаға соғыс ашқан Путиннің әлсіреп қалғаны рас. Санкциялар Мәскеудің түбіне жетпесе де, әбден титықтатып, экономикалық әл-қуатын сарқып тынады.
Путиннің басқыншы саясаты өркениетті әлемнің қарсылығына ұрынды. Ресей экономика ғана емес, саяси алаңда да, дипломатия саласында да ойсырай ұтылып жатыр. Тоқаев кәнігі дипломат ретінде мұны көріп-біліп отыр. Бір жағынан Петербордағы батыл мәлімдемесі сонымен де байланысты болуы мүмкін...", – дейді Мұсаев.