Қазақстанның 13 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Қаракөз Амантай 21 қаң. 2026 07:30

Бүгін еліміздің 13 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар аймақта тұман, көктайғақ, боран және қатты жел күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 20–25 м/с-қа дейін жетіп, жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында қар жауып, боран соғады. Тұман мен төменгі боран салдарынан көріну қашықтығы шектелуі ықтимал. Қостанай, Ұлытау және Қызылорда облыстарында да тұман күтіледі.

Маңғыстау облысында көктайғақ пен тұман болжанып отыр. Түнде өңірдің солтүстік-шығысында қатты аяз болып, ауа температурасы 20–22 градусқа дейін төмендейді.

Жамбыл, Жетісу, Абай және Түркістан облыстарында жел күшейеді. Кей аудандарда жел екпіні 15–22 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Таулы және оңтүстік өңірлерде көктайғақ қаупі сақталады.

Алматы облысында және Алматы қаласында түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Күндіз желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын күшейтіп, алыс жолға шыққанда ерекше мұқият болуға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove