Қазақстаннан Украинаға 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді

Dalanews 21 сәу. 2022 16:08 959

Бүгін еліміздегі Украинаға гуманитарлық қолдау көрсету штабы Нұр-Сұлтаннан кезекті рет 20 тонна жүк жіберді. Бұл қазақтардың Украинаға гуманитарлық көмек салып жіберген сегізінші көлігі, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Гуманитарлық жүкте гигиена заттары мен азық-түлік, оның ішінде консервілер, макарон, қойытылған сүт, кептірілген жемістер бар. Гуманитарлық көмекті Қазақстанның қарапайым тұрғындары жинаған. Сонымен қатар осы гуманитарлық жүктің бір бөлігін жинауға «Позитив Үміт» қайырымдылық қоры көмектескен.

Соғыс басталғалы қазақтар Украинаға 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинап, жөнелтті. «Сегіз жүк көлігінің бесеуі Украинаға келді, гуманитарлық көмек мұқтаж аймақтарға таратылды, екі жүк көлігі әлі жолда, ал сегізінші жүк көлігі бүгін жіберілді» деді Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский.

Сондай-ақ, Украинаға Қазақстан халқынан 8 әуе рейс, ҚР Үкіметінен 3 рейс гуманитарлық көмек жіберілді.

– Соғыстың екі айында 200 тонна гуманитарлық жүк – өте көп. Негізінен, мұның барлығы қазақстандықтар күн сайын дүкеннен сатып алып келетін тауарлардың шағын партияларынан жиналған. Онсыз біз, украиндықтар, аман қалмас едік, – деді Украинаның Қазақстандағы елшісінің әйелі Оксана Врублевская.


Гуманитарлық көмек артылған жүк көліктері Әзірбайжан, Болгария, Түркия және Румыния аумағы арқылы өтеді. Жол шамамен екі аптаға созылады. Жүк көліктері гуманитарлық көмекті Украина аумағындағы ірі хабтарға жеткізеді, атап айтқанда, бүгін жіберілген жүк көлігі Винницаға жетуі керек.

Хабтарға түрлі елдерден көмек келуде. Онда ол сұрыпталып, мұқтаж аймақтарға өтінім бойынша таратылады. Қажеттілік күннен күнге артуда.

– Бізге күн сайын гуманитарлық көмек әкелуге болады және әкелу керек. Қазір жеке және балалар гигиена заттары, дәрі-дәрмек, киім-кешек және аяқ киім мен тамақ өнімдеріне артықшылық беріледі. Мысалы, қазіргі уақытта біз Украинадағы балалар үйлері үшін бала киімдерін жинап жатырмыз. Бұл 2-10 жастағы балаларға арналған заттар. Жануарлар азығын да әкелуге болады. Қазір Украинадағы жануарлар саябағы мүлде қаражатсыз қалды, – дейді Штаб еріктісі Ақниет Әмірқұлов.

Қазіргі таңда Қазақстанның 11 өңірінде гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылған. Олар – Қарағанды, Орал, Семей, Өскемен, Ақтау, Түркістан, Атырау, Екібастұз, Ақтөбе, Алматы және Нұр-Сұлтанда.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар