Қазақстаннан Түрікменстанға бруцеллезге шалдыққан мал еті жеткізілген бе? — министрлік түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 18 там. 2025 09:55

Әлеуметтік желі мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған "Қазақстаннан Түрікменстанға бруцеллезге шалдыққан малдың еті жөнелтілді" деген мәлімет жалған болып шықты. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ресми түрде хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Комитеттің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстаннан Түрікменстанға ет өнімдері мүлде экспортталмаған. Сондай-ақ Ақмола облысынан аталған елге бруцеллезге күдікті ет жеткізілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. 

"Жалған ақпарат таратпау үшін бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми мемлекеттік органдар ұсынған деректерге сүйенуге шақырамыз," – делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, бұл мәлімет алғаш рет "Түркіменстан шежіресі" басылымында жарияланған. Басылым 26 және 29 маусым күндері Ақмола облысынан Түрікменстанға мұздатылған ет жеткізілді, ал шілде айының басында жүргізілген зертханалық сараптама барысында бруцеллез анықталды деп жазған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар