Freedom Inside '26

Қазақстаннан шетелге заңсыз ақша шығармақ болғандардың жолы кесілді

Қазақстаннан шетелге заңсыз ақша шығармақ болғандардың жолы кесілді
Фото: ҰҚК

Жыл басынан бері Қазақстан шекарасы арқылы декларацияланбаған ақшаны заңсыз алып шығуға қатысты 681 дерек анықталды. Тәркіленген қаражаттың жалпы көлемі 6,9 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, шетелге ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны заңсыз шығаруға жол бермеу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Мәселен, биыл 2 маусым күні Атырау облысындағы «Құрманғазы» өткізу бекетінде тексеру кезінде Қазақстан азаматының жеке жүгінен 299,6 мың АҚШ доллары табылған.

Ал 3 маусымда Жамбыл облысындағы мемлекеттік шекарада 102,5 млн ресей рублін жасырын алып өтпек болған алты шетел азаматы ұсталды.

Аталған фактілер бойынша материалдар тиісті органдарға процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды.

ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес, республика аумағынан 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшаны декларациясыз алып шығуға тыйым салынатынын еске салды.