Қазақстаннан Ресейге жеткізілген 480 тотықұс шекарадан кері қайтарылды

Қазақстаннан Ресейге жеткізілген 480 тотықұс шекарадан кері қайтарылды
Фото: ЖИ

Қазақстаннан Ресейге жеткізілмек болғаг 480 тотықұс Орынбор облысындағы "Сағаршын" халықаралық өткізу бекетінен кері қайтарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Дереккөз мәліметінше, құстарды тасымалдауға қажетті құжаттар талапқа сай болмаған.

Ресейдің ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау қызметінің мәліметінше, ұсынылған ветеринариялық сертификатта құстар әкелінген аумақтағы эпизоотиялық жағдай туралы ақпарат көрсетілмеген. Сондай-ақ құжаттың түпнұсқалығын және ондағы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік беретін Қазақстанның "ЕАСУ" ақпараттық жүйесінің QR-коды болмаған.

Бұған қоса, ветеринариялық сертификатта жазылған тасымалдау бағыты халықаралық CMR жүкқұжатындағы бағытпен сәйкес келмеген.

"Тотықұстарды ел аумағына кіргізуге тыйым салынды. Құстардың барлығы Қазақстандағы жөнелтушіге қайтарылды. Ал жүк тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады ведомствоның өңірлік басқармасы.

Осы күні Ақбұлақ аудандық сотына құстарды заңсыз тасымалдауға қатысты тағы бір іс жіберілгені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, 38 жастағы шетел азаматы наурыз айында шекарада жүзге жуық құспен ұсталған. Олардың жалпы құны 22 миллион рубльден асады.

Тәркіленген құстардың арасында СИТЕС конвенциясының қорғауына алынған жако тотықұсы, тибет қырғауылы және шұбар розелла секілді сирек түрлер болған. Қазір құстар хайуанаттар бақтарына орналастырылған. Күдіктіге екі қылмыстық бап бойынша айып тағылып, іс сот қарауына берілді.