Қазақстаннан Ресейге жеңіл автокөліктер экспорты маусым айында іс жүзінде тоқтап қалды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, маусымдағы жеткізілім көлемі небәрі 72 доллар болған. Бұл көрсеткіш мамырдағы 111,4 мың доллармен және сәуірдегі 5,5 миллион доллармен салыстырғанда айтарлықтай төмен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жыл басында Қазақстаннан Ресейге автокөлік экспорты миллиондаған доллармен есептелген болатын. Қаңтарда экспорт көлемі 1 миллион долларды, ал ақпан мен наурызда әр айда шамамен 1,5 миллион долларды құрады.
Сарапшылардың пікірінше, экспорттың күрт төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі – Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен әкелінген электромобильдерді Ресей азаматтарына беруге қойылған шектеулер.
Бұдан бөлек, Ресей тарапы Қазақстаннан жеткізілетін көліктерге қатысты кәдеге жарату алымын (утильалым) есептеу тәртібін қатаң тексере бастаған.
Ал сәуір айында Қазақстан Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктерге салынатын кәдеге жарату алымын едәуір көтерді. Кейбір жеңіл көліктер үшін бұл төлем көлемі 29,4 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Осылайша, екі ел арасындағы автокөлік саудасына енгізілген жаңа талаптар мен шектеулер Қазақстаннан Ресейге көлік экспортын айтарлықтай тежеп отыр.